Елімізде ЖОО-да оқу ақысы көтеріле ме: Ғылым және жоғары білім министрлігі пікір білдірді
Жарияланған күні:
Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің университеттерінде оқу ақысына қатысты пікір білдірді. Министрдің тапсырмасы бойынша, биыл оқу ақысы көтерілмейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Биыл ЖОО-да оқу ақысын көтеру мәселесі көтерілуде. Айта кетейік, Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі ретінде шілде айында биыл ЖОО-да баға көтерілмейтінін мәлімдеген болатын.
Осы нұсқауға сәйкес, университеттер оқу ақысын көтермеді. Бірақ кейбір университеттер күнтізбелік жылдың басында немесе өткен жылдың соңында оқу ақысына түзетулер енгізді. Студент университетпен келісімшартқа отырғанда, келесі оқу жылының ақысы инфляцияға байланысты саралануы мүмкін деген шарт бар. Бірақ оқу жылының басынан министрдің мәлімдемесінен кейін баға көтерілмейді", - деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің департаменті басшысының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.
Ол жоғары оқу орындарына инфляцияға байланысты оқу ақысын түзетуге рұқсат етілгенін мәлім етті, алайда бағаны көтеру - 6-8-10 пайыздан артық болмайды. Биыл университеттердің көпшілігі бағаны көтерген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984282-elimizde-zoo-da-oqu-aqysy-koterile-me-gylym-zane-zogary-bilim-ministrligi-pikir-bildirdi/