"Қара жолда адам өлімі көп": Ақтөбеде жол сапасына жауапты 200-ден аса лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында биыл жыл басынан бері жолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамаған 200-ден астам адам жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді. Ал тұрғындар болса, жолдың нашарлығы салдарынан болған жол апаттары көбейіп кеткенін айтып, наразылығын білдіруде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қырық жылдай жол саласында еңбек еткен ақсақал Сабыргерей Таңатарұлы жолға жауапты құзырлы мекеме құрылмай, жолдың жайы түзелмейтінін ескеруді сұрайды.
"Автокөлік жолдарына қазір индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап береді. Бұл министрлік ұшқан ұшаққа да, шойын жолдағы пойызға да қарайды. Қаптаған комитеттері бар. Бірақ жолға келгенде еш нәтиже жоқ. Қызметі жөнді үйлестірілмеген саланың жұмысы алға жылжымайды. Сондықтан автокөлік жолдары министрлігі ме, болмаса арнайы агенттік болып па құрылу керек.
Жол құрылысын салуға ойнатылатын тендерден бастап реттеу керек. Қазір тендерге түсетін мердігердің техникасы бар ма, жұмыс күші жете ме оны қарап жатқан ешкім жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау мен Ақтөбенің арасындағы жолды салуға әзербайжандық компания тендер ұтып алды. Олар Байғанин ауданы тұрғындарынан көлік, техника жалға алды. Тұрғындарды жұмысқа тартты. Бірақ ақшаларын бермей қойды. Солар әлі ақыларын даулап жүр. Техникасы жоқ шетелдік компанияны жол құрылысына кім жолатқан?", - дейді Сабыргерей Таңатарұлы.
Жол саласының ардагері Ақтөбеден Шұбарқұдыққа қатынайтын Богословка тас жолының сыйқы адам шошырлық екенін айтты. Осыдан 3-4 жыл бұрын пайдалануға берілген тас жол шұрық-тесік.
"Ол жолмен ауыр жүк көліктері жүреді. Тонналап жүк артқандар Атырауға қарай ағылады. Ал оған тыйым салып, шара қолданатын көлік инспекциясы қайда? Жол құрылысының басы-қасында күні-түні "технадзор" жүру керек. Техникалық бақылаушылар топырақ тапталып, тас төселгеннен бастап, асфальт жабындысының бәрін-бәрін бақылап отыруға тиіс. Кем-кетігін сол бойда құрылысшыларға түзеттіруге міндетті. Елдегі барлық жолға қатысты жұмысты бір жерге үйлестіргенде ғана реттелетіне сенемін", - дейді жол саласының ардагері Сабыргерей Жексенбай.
Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті жол және техникалық инспекция бөлімі адам өлімі тіркелген жолдарды тексеруді бастады. Он күн бұрын жол апатынан әкесі мен он жасар ұлы қаза тапқан "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" автожолы талапқа сай емес болып шықты. Жолды күтіп ұстамаған мердігер компанияға айыппұл салынды. Осыған дейін берілген ескертуді орындамаған үшін хаттама толтырылып, сот қарауына жіберілді.
"Жыл басынан бері жолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамаған 206 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 20 әр түрлі деңгейдегі әкімдер бар", - дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984361-qara-zola-adam-olimi-kop-aqtobede-zol-sapasyna-zauapty-200-den-asa-lauazymdy-tulga-zauapqa-tartyldy/