Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тараз тұрғыны баласына көршісі сексуалдық сипаттағы азғындық әрекет жасамақ болғанын айтып, полицияға шағымданды

Жарияланған күні:

Ойыншық
Көрнекі фото: piqsels.com

Тараздық әйел баласына көршісі сексуалдық сипаттағы азғындық әрекет жасамақ болғанын айтып, дабыл қақты. Ол сондай-ақ күдіктінің әлі ұсталмағанын айтады. Бұл жайт туралы НемолчиKZ қоғамдық қоры Instagram парақшасында жазды. Жазбаға қатысты Тараз қаласының полиция басқармасы мен облыстық прокуратура пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қоғамдық қордың желідегі парақшасында жәбірленуші баланың анасының хаты жарияланды. Хатта ол оқиғаның биыл 12 тамызда болғанын жеткізген. Әйелдің сөзінше, күдікті ер адам олармен бірге бір аулада тұрады.

"Сол күні менен 8 жасар ұлым мен 6 жасар қызым және 7 жасар інім гараждан ойыншық алуға рұқсат сұрады. Олар ойыншық таңдап жатқанда гаражға көрші ер адам кіріп, диванға жайғасқан. Біз онымен бір учаскеде тұрамыз. Мен оның інісінің үйін жалға алып отырмын.

Балаларды сыртынан біраз бақылаған соң, менің 8 жасар ұлымды гараждың бір бұрышына шақырып, шалбарын шешкізген. Сөйтіп өзі де шешінген. Осы кезде қызым келіп қалған. Бұл көріністі көрген қызым үйге жүгіріп барып, менің әпкеме айтып берген", - деп жазған хатында әйел.

Анасының сөзінше, бастапқыда балалары қорқып, болған жайт туралы айтқысы келмеген. Дегенмен бәрі жақсы болатынына сендірген анасы балалардан жағдайдың мән-жайын сұрап білген.

"Балалар маған бұл нәрсенің бірінші рет болып отырмағанын айтты. Бұған дейін ол балаларға балмұздақ беремін деп алдап, өзінің времянкасына шақырған көрінеді. (...) Олар мұны да қорыққандықтан үлкендерге айтпаған. Мен 102-ге хабарласып, полиция шақырттым", - дейді әйел.

Содан кейін Тараз тұрғыны полиция бөлімшесіне барып, арыз жазғандарын атап өтті.

Сондай-ақ әйел хатында күдікті бір фактіні мойындағанын, алайда прокуратура тергеуден соң оны босатып жібергенін жазған.

Әйелдің шағымына қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Жамбыл облысының прокуратурасына мән-жайды сұрап жүгінді.

"Аталған қылмыстық іс бойынша күдікті тұлғаны ҚПК-тің 128-131 баптарына сәйкес, полиция қызметкерлері ұстамаған және қамаққа алмаған. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының тарапынан прокуратураға күдіктіні босатып жібергендігі туралы арыз жазылмаған. Яғни БАҚ-тағы прокуратура күдіктіні босатып жіберген деген ақпарат негізсіз", - делінген ведомство хабарламасында.

Ал Тараз қаласының полиция басқармасы НемолчиKZ қоғамдық қоры жариялаған желідегі жазбаға пікір қалдырып, аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған.

"2022 жылғы 12 тамызда Тараз қалалық полиция басқармасына 31 жастағы облыс орталығының тұрғыны көршісінің кішкентай балаларын қорлағанын айтып, арызданды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды", - делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ Тараз полициясы бұл іс Жамбыл облыстық ПД басшылығының бақылауында екенін атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984554-taraz-turgyny-balasyna-korsisi-seksualdyq-sipattagy-azgyndyq-areketter-zasamaq-bolganyn-aityp-policiyaga-sagymdandy/