"Салынады дегелі немерелі болдық": Ақтөбеде 15 жылдан бері мектепке зар болып отырған тұрғындар жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбе іргесінде 15 жылдан бері бір мектепке зар болып отырған Жібек жолы ауылының тұрғындары білім ошағын салып беруді талап етті. Олардың сөзінше, талай әкім ауысса да, мектеп мәселесі тек уәде күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, аталған ауылдың іргесі 2002 жылы қалана бастаған. Қазір ауылда 8 мыңға жуық халық тұрады.
Әрбір отбасында мектеп жасындағы кем дегенде үш-төрт баладан бар. Олардың барлығы білім алу үшін қалаға, кейбірі көрші ауылға барып қатынап оқуға мәжбүр. Балаларды апарып-әкелетін ауылда мектеп автобусы да жүрмейді.
"Мектеп, автобус керек. Балаларымыз қатынай алмайды. Курсқа апара алмаймыз. Мектеп салынады дегелі міне немерелі болдық. Балалар оқу бітіріп кетті. Немерелерді мектепке өздерін жалғыз жібере алмаймыз. Көшеде қаптаған ит. Балалар түнде, кешқұрымда қайтады. Мүмкіншілік жоқ", – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Базаргүл Аманжолова.
Тұрғындардың айтуынша, мектеп мәселесін көтеріп, талай әкімнің алдына барған. Алайда әлі күнге дейін білім ошағының мәселесі шешілер емес. Тұрғындар мектеп құрылысына бір кезде арнайы жер бөлінгенін де айтады. Бірақ соңғы кезде ол жер жеке адамдарға үй салуға берілген көрінеді.
"Міне 15 жыл болды күтіп келе жатырмыз. Мектеп жоқ. Мектептің орнын жеке адамдарға сатып. Сонда қалай? Әлде біз бала оқытпаймыз ба? Балаларды қазір туу Батысқа, қалада қай жерде бос орын бар, мектепке сол жерге тасимыз. Ана мектеп Заречныйға алыс", – дейді ауыл тұрғыны Нағашыбай Юсупов.
Халықтың назына қатысты Ақтөбе қаласы "Алматы" ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Дарин жауап берді. Ол мектеп салу үшін бөлінген жердің ешкімге берілмегенін, мектеп сол учаскіге салынатынын атап өтті.
"Заречный-3 төменгі жағында орта мектеп 2025 жылдан кейін салынатын болып қазір жоспарлануда. Оған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген жоқ. (...). Жер ешкімге берілген жоқ. Мектеп сол жер учаскесінде салынады", – дейді Бақұзақ Дарин.
Материал авторы: Б. Рақметова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984890-mektep-salynady-degeli-nemereli-boldyq-aqtobede-15-zyldan-beri-mektepke-zar-bolyp-otyrgan-turgyndar-zanaiqaiyn-aitty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Соңғы пікірлер
Барлық пікір саны: 1
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.
Құрметті қала тұрғыны! Сіздің сұрағыңыз бойынша Ақтөбе қаласы білім бөлімі төмендегідей жауап береді: Заречный-3 (Жібек жолы) тұрғындар алабында 600 орындық мектеп 1115 оқушыны оқумен қамтып отыр. Қазіргі таңда оқушы тығыздығы жоқ. Заречный-3 тұрғындар алабының төменгі жағынан осы мектепте 245 оқушы оқиды. Екінші мектеп салудың жер телімі бас жоспарда көрсетілген кескін картада орын белгіленген. Бұл мектепті салу 2025 жылдан кейінгі жоспарға енгізілетін болады.
Nakesh