"Сорақы жағдай": Ажар Ғиният ана өлімі жағдайларының 73 пайызын болдырмау мүмкіндігі болғанын айтты
Жарияланған күні:
Ведомствоның алқа отырысы барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрлікке келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты медициналық ұйымдардың жұмысына баға берді. Министр әсіресе ана өлімі бойынша ахуалды сынға алды, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.
Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласын атаған.
Ведомство басшысы аналар өлімінің құрылымын саралап, оның көп жағдайда алдын алуға болатынын атап өткен.
"Ана өлімі жағдайларын тексеру де стандарттардың сақталамайтынын көрсетеді, себебі аналар өлімінің құрылымын сараласақ, 73 пайызы – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себептер, 27 пайызы өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық аурулардың салдарынан болған.
Акушерлік, гинеокология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгені сорақы жағдай.
Сарапшылар барлық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұсқады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қайтымсыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталған", - деді министр.
Ажар Ғиният амбулатория мен стационар деңгейінде науқастың жай-күйін жете бағаламау, медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықтың жоқтығы салдарынан өлім жағдайына алып кеткен осындай шулы жайттар Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында да орын алғанын мысалға келтірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985131-soraqy-zagdai-azar-giniyat-ana-oliminin-73-paiyzy-amal-zasauga-bolatyn-sebepterden-bolatynyn-malimdedi/