Елтаңба авторы мен белгілі хирург "Қызылорда облысының құрметті азаматы" атағын иеленді
Жарияланған күні:
Биыл Конституцияның қабылданғанына 27 жыл. Мемлекет үшін айтулы мереке әрбір қазақстандық үшін айрықша маңызға ие. Сыр елінде де айтулы күн Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Конституция күніне орай салтанатты шарамен әспеттелді.
Жиынға қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев "Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан әрбір азаматтың асыл парызы екенін" жеткізіп, барша Сыр жұртын Конституция күнімен құттықтады.
"Конституция – қағаз жүзіндегі құжат емес, ол - елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі, мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, халықаралық кеңістікте ұдайы өркендеуін қамтамасыз ететін негіз. Осы жылдың елімізге түбегейлі өзгеріс әкелгенін жақсы білесіздер. Ел Президентінің тегеурінділігімен Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті. Наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялады. Бұл өз ретінде елдің басты заңы – Конституцияға бірқатар өзгерістер әкелуді талап ететіні сөзсіз. Осылайша, биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізіліп, Қазақстан Ата Заңының 33 бабына 56 өзгерту енгізілді. Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін. Толайым табыстарға жете беріңіздер. Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, тұғыры нық болсын",- деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мерекелік жиында Нұрлыбек Нәлібаев Рәміздер мерекесінің 30 жылдығы мен мерейлі сексен жасы қатар келген Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен асқаралы алпыс жасқа толған білікті дәрігер, 8 000-ға жуық ота жасаған хирург, қоғам қайраткері Болатбек Баймахановқа "Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағын табыстады.
"Туған жеріме келіп, халықтың құрметіне бөленуден артық бақыт жоқ. Елімізге адал қызмет етуіміз керек. Байқағаным, Қызылорданың өңі өзгеріп, келбеті келісіп, жаңа заман талабына сай өніп өсіп жатыр. Мұның бәрі туған жерге қызмет ететін азаматтардың арқасы. Сыр елі өрлей берсін, мереке құтты болсын", - деді Жандарбек Мәлібеков.
Салтанатты іс-шараға жиналған қауым қарапайымдылықты ту еткен қос азаматқа құрмет көрсетіп, ыстық ықыласын қошеметпен білдірді.
Сондай-ақ, аймақ дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еткен еткен бірқатар азаматтарға Қызылорда облысы әкімдігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табысталды.
Арнайы кеште аймақтың өнер майталмандары көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985194-eltanba-avtory-men-belgili-xirurg-qyzylorda-oblysynyn-qurmetti-azamaty-atagyn-ielendi/