Түркістан облысынан ежелгі ғибадатхананың орны табылды (видео)
Жарияланған күні:
Археологтар Түркістан облысынан ежелгі ғибадатхананың орнын тапты. Көне нысан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Кангюй тайпасына тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды Хабар24.
Ежелгі ғибадатхананың орны Созақ ауданына қарасты Қызылкөл маңынан табылып отыр.
ОҚМПУ профессоры Александр Подушкиннің айтуынша, Кангюй тайпасына тиесілі болуы мүмкін нысан Қазақстан аумағынан алғаш рет табылып отыр.
"Күн символикасы мен сәулет өнері Кангюй тайпасына тиесілі ғибадатхана екенін көрсетіп отыр. Дінге қызмет етушілер осында әдейі жолданған болуы мүмкін. Ғибадатхана аумағы әлі де зерттеу жұмыстарын талап етеді. Әзірге тек жер бедерінің үстіңгі қабаты ғана ашылды", - дейді Александр Подушкин.
Археологтардың мәліметінше, ғибадатхана құрылысына пайдаланылған құрылыс бөлшектері оңтүстік өлкеге тиесілі емес. Беріктікті қамтамасыз еткен тастар арнайы жеткізілуі мүмкін.
Телеарнаның мәліметінше, ғибадатхана орнының аумағынан мыңдаған керамикалық бөлшектер де табылған. Мамандар құмыра сынықтарына қарап оның су мен дәнді дақылдарды сақтауға арналғанын анықтаған.
Археологиялық аумақтан алтын мен күміс металлды балқытуға арналған тигель де табылған.
Мамандар жабдықты дін өкілдері қолдануы мүмкін деп топшалап отыр. Сондай-ақ ғибадатханаға аумағына жақын жерден сол заманда жерленген екі адамның қорымы да табылған. Ол жерден археологтар тас пен шыныдан, сүйектен жасалған тарихи маңызға ие жүздеген жәдігер тапқан.
"Ең бірінші табылған жәдігер қоңырау болды. Оның маңында әйел азаматтың қасын бояуға арналған зат табылды. Кейін моншақтар мен бұйымдардың шоғарын кездестірдік. Адамның бас сүйегі мен жақ сүйегі де табылды. Біз оны қайта жинақтауға тырыстық", - дейді ОҚМПУ студенті Екатерина Кесман.
Мамандар енді ғибадатхана аумағынан табылған жәдігерлерге орталықта арнайы зерттеу жүргізілетінін, келесі жылы Қызылкөл маңында қазба ісі қайта жалғасатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985259-kangyui-taipasyna-tiesili-boluy-mumkin-turkistan-oblysynan-ezelgi-gibadatxananyn-orny-tabyldy-video/