"Аса ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді": Лауазымынан босатылған Өмірзақ Шөкеев жерлестеріне үндеу жасады
Жарияланған күні:
Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев лауазымынан босатылғаннан кейін жерлестері мен әріптестеріне үндеу жасады. Ол Instagram-дағы ресми парақшасында жазба жариялады.
"Құрметті Түркістан жұртшылығы, ардақты әріптестер!
Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласы осыдан төрт жыл бұрын облыс орталығы болып, Түркістан облысы құрылды. Жаңа облыс орталығын ел таңданатындай тамаша шаһарға айналдыру үшін жүйелі жоспарлар мен межелі мақсаттар түзілді. Қызу құрылыс, қайнаған тіршілік басталды. Дәл сол сындарлы сәтте менің мойныма жаңа облысты басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл – мен үшін саясаттағы келесі бір қадамым ғана емес, осы топырақтың тумасы ретіндегі перзенттік парызымды өтеуге берілген мүмкіндік еді. Бірнеше облыстар мен жауапты министрліктердегі тәжірибем мен туған жерімнің қолдауы осы қызметте еңбек етуге жол ашты", - деп жазды экс-әкім желідегі ресми парақшасында.
Сондай-ақ Шөкеев өз жазбасында Түркістан қаласын Түркі жұртының рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында жан аямай еңбектенгенін атап өткен.
"Қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа бейнесін қалыптастыру – алға қойған алғашқы мақсатымыз болатын. Осы рухани шаһардың топырағында дүниеге келген мен үшін бұл жұмыстарды атқару – зор мәртебе болды. Қазіргі таңда Түркістан еліміздің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің рухани жауһарына айналып, әлем көз тіккен ажарлы шаһарға айналды", - деді ол.
Одан бөлек экс-әкім өзі басшылық еткен тұста өңірде болып өткен ауыр кезеңдерді еске алған.
"Әрбір пендеге жаратқан өзі көтере алатын сынақ береді. Сонда да тағдыр сынына шыдамай, сынып кетіп жатқандар қаншама. Біз бүгін бұл дәлелденген әңгімені жеке адамның емес, тұтастай бір өңірдің тағдырына байланыстырып айтып отырмыз. Себебі менің облыс әкімі болып тұрған уақытым біздің облыс үшін аса ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Арыс, Мақтааралда болған төтенше жағдай кезінде ел болып еңсердік", - деді Шөкеев.
Осы ретте шенеунік үкімет тарапынан қолдау болғанын атап өтіп, ел президентіне үкімет басшылығына алғыс айтқан.
"Түркістанды түлету, өңірдің дамуы жолында қолдан келгенше тер төктім. Еңбекке халық баға береді. Әкім ретінде де, осы елдің ұлы ретінде де экономиканы көтеріп, руханиятқа серпіліс болатындай дүние жасадық деп ойлаймын. Облыс орталығының аптап ыстық климатын өзгерту жолында "Жасыл белдеу" жобасы, қаланы суландыру жобасы, тұрғын үйлер санын ұлғайту –Түркістанның тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы қала болуы үшін жасалған көп жылғы жоспар", - деп жазды Өмірзақ Шөкеев жерлестері мен әріптестеріне.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985562-asa-auyr-kezendermen-tuspa-tus-keldi-lauazymynan-bosatylgan-omirzaq-sokeev-zerlesterine-undeu-zasady/