Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құны миллион теңгеден асады": Ақтөбеде кептер өсірушілер арасында оның қымбат түріне қызығушылар көбейген

Опубликовано:

кептер өсіруші
Мұрат Сүндетбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Елімізде жұдырықтай құстан ләззат алып, оны баптауға өмірін арнайтын азаматтар көбейген. Мұрат Сүндетбаев та солардың қатарынан. Асыл тұқымды кептерлерден жаңа тұқымды жасауды хоббиіне айналдырған теміржолшы Ақтөбеде өткен көгершіндер көрмесінде бірінші орын иеленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.  

Ақтөбеде кептер өсірушілер арасында оның қымбат түріне қызығушылар көбейген. 

"Көгершінді бала кезден ұстаймын. Ұшатын түрлеріне қызығамын. Кептер - бейбітшіліктің символы. Ашық аспан астында ойнап, сұлулығын көрсетеді. Керемет көрініс. Ерекше бақыт сыйлайды. Құстарым - жүрегімнің бір бөлігі. Оны ұстаған адам ғана түсінеді. Қазір 100-ге жуық көгершінім бар. Әр құс әртүрлі. Түр-тұрпатынан бөлек мінездері де қызық. Оларды тек жем мен су беріп қана бақпайсың. Ұшқанда айналып, ойын көрсете алуы керек. Сағаттап ұшырамыз. 

Ұшқан сайын қанаты қатайып, мықты бола түседі. Бұлардың ішінде өзбек тұқымы қымбат бағаланады. Өткен жылы Түркістанда бір көгершін 4 млн теңгеге сатылды. Оның сұлулығын сөзбен суреттей алмайсың",-дейді ол. 

Марат Сүндетбаев көрмеге жылдар бойы жұмысының нәтижесінен шыққан өз тұқымын әкелген. Оның сұлулығы мен пішіні, ойын көрсету шеберлігі бәрінен үздік шықты. 

Өмір бойына көлік жүргізіп, қара жұмыспен айналысқан Байбөрі ақсақал да 50 жыл өмірін кептер баптауға арнаған. Айтуынша, асыл тұқымды кептерлердің арасында өз балапандарын баға алмайтындары бар.

Байбөрі
Байбөрі Садықов. Фото: KAZ.NUR.KZ

 "Кептердің америкалық түрі балажан болып келеді. Тұмсықтары да жуан. Көбінде тұмсығы кішкентай, жемдері түсіп қалады. Сондықтан бала күтушісі қызметіндегі көгершіндерді қатар ұстаймыз. Бір жылдан кейін құстар да тума болып кетеді. Екі жыл сайын олардың атасын жаңартамыз. Ағайын болып кетсе, аяғы, қанаты қисайып кетеді. Асыл тұқымды кептерден балапан алу қиын. Екі жылдап жүресің. Ол ойыңнан шықпауы да мүмкін",- дейді Байбөрі Садықов. 

кептерлер
Кептерлер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде кептер өсіріп отырған 500-дей адам бар. Олардың 50-ден астамы арнайы бірлестікке тіркеліп, жан-жаққа жиі шығады. 

"Көгершіндеріміздің өз ветеринар дәрігері бар. Олар да екпе алмаса ауырады, жөтеледі, әлсіреп қалады. Бізде кептердің қызылаяқ, қызылбас түрлері көп. Соңғы жылдары өзбекстандық түрін ұстайтындар көбейді. Олар чемпион болса, бағасы да қымбат болады. Ақтөбеде жалпы кептер сату мәдениеті қалыптаспаған. Бір-бірінен айырбастап алады. Оңтүстік жақта бұл сұлулық бірнеше миллионға бағаланады",- дейді Ақтөбедегі көгершіндер клубының басшысы Нұрмұхамбет Мұратов. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994225-quny-million-tengeden-asady-aqtobede-kepter-osirusiler-arasynda-onyn-qymbat-turine-qyzygusylar-kobeigen/

pixel