Моңғолиядағы құрылыс министрлігін 20 жыл басқарған қазақ азаматы туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Моңғолиядағы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің арасында қандасымыз Тілейхан Орынұлы да бар. Құрылыс министрлігін 20 жыл бойы басқарған қазақ азаматы туралы janadauir.com порталы жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тілейхан Орынұлы Моңғолиялдағы құрылыс министрлігін 20 жыл басқарған тұста елдің дамуына, құрылыс материалдары мен жұмысшы кадрларды дайындауға үлес қосқан.
Басылымның жазуынша, Тілейхан Орынұлы 1923 жылы Баян-Өлгей аймағы Улаанхус сұмынында дүниеге келген. 1935-1941 жылдары аталмыш сұмынның орта мектебінде білім алып, 1942-1944 жылдары Ұлан-Батыр қаласындағы партия мектебін "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шыққан. Ал 1944-1947 жылдары сол оқу орнында ұстаздық қызмет атқарған.
Кейін партия қызметіне ауысып, елдің саяси өміріне белсенді түрде араласа бастайды. Тілейхан Орынұлына 1962-1963 жылдары Құрылыс, материал, өндіріс министрі қызметі сеніп тапсырылады. Ол бұл лауазымды қызметке 1968 жылы қайта тағайындалып, 1982 жылға дейін яғни, өмірден өткенге дейін абыроймен атқарған.
Басылымның мәліметінше, Тілейхан Орынұлы құрылыс министрі қызметіне келгенде, Моңғолияда құрылыс саласының жұмысы ақсап, кадр дайындау мәселесі өзекті болатын. Ол 20 жылдың ішінде материалдық базаны нығайтып, Ресей мен Еуропа елдерінде мамандар оқытуға атсалысқан. Құрылыс материалдарын дайындау үшін өндіріс орындарын салып, тасымалдау жұмыстарына ерекше ден қоя білген.
Сондай-ақ, ол елдегі сәулет өнерін де алға сүйреген. Министрдің қызметін жоғары бағалаған Моңғолия билігі оны "Алтын жұлдыз", "Еңбек сіңірген құрылысшы", "Еңбек Қызыл ту" ордендерімен марапаттаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995495-mongoliyadagy-qurylys-ministrligin-20-zyl-basqargan-qazaq-azamaty-turaly-ne-bilemiz/