Қазақстанда алаяқтар көшедегі бейтаныс адамдарды қылмысқа тарта бастады
Жарияланған күні:
Алматы полициясы көше алаяқтары туралы тұрғындарға ескерту жасады. Алматы қалалық полиция департаменті анықтау басқармасының мәліметінше, қаскөйлер қала тұрғындарының сенгіштігі мен ақкөңілділігін пайдаланады, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, алаяқтар бейтаныс адамның жанына келіп, басына түскен оқиға жайлы баяндай бастайды.
"Мысалы жас жігіт ықтимал құрбанына жақындап, өзінің басына түскен қайғысы туралы хабарлайды. Бейтаныс адам өтіп бара жатқан адамнан карточкалық шотын пайдалануға рұқсат сұрайды. Себебі оған ата-анасы қаражат жіберуі керек.
Шындығында, аударымды жіберуші - қылмыстың серіктесі, ол жаңа ғана ұрланған басқа біреудің ұялы телефонынан сенгіш адамның есепшотына ақша аударады. Алаяқтың құрбаны ешнәрседен күдіктенбей, ақшаны шешіп, бейтаныс адамға береді. Oл өзі де байқамай, бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысушы болып шығады", – деді Алматы қалалық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
Алматы полициясы өзіңізді және мүлкіңізді қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін бейтаныс адамдарға және қандай оқиға айтса да сенбеуге, бейтаныс адамдарға карталық шотты манипуляциялауға жол бермеуге және жеке деректерді үшінші адамдарға бермеуге шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995877-qazaqstanda-alayaqtar-kosedegi-beitanys-adamdardy-qylmysqa-tarta-bastady/