Қазақстанда қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау басталды
Жарияланған күні:
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның өкілі Қазақстанда қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға рақымшылықтың басталғаны туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жаңа мәліметтерді Бас прокуратураның бірінші қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді. Ол алдын ала мәліметтер бойынша 1,5 мыңға жуық адам амнистияға түсуі мүмкін екенін еске салды.
"Қазіргі таңда жазаны атқарушы органдар сотқа 878 сотталушыға қатысты мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныс енгізді. Тергеу органдары сотқа дейінгі сатыда орташа ауырлықтағы қылмыс жасады деген 5 күдіктінің үстінен қылмыстық қудалауды тоқтатты", – деп қосты ол.
Баяндамашы басқа тұлғалардың ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағанын атап өтті. Заң бойынша оларға сот рақымшылық жасауы мүмкін.
Қадағалау органы жалпы құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасы бойынша 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеуді тіркегенін хабарлады.
Оның ішінде:
- терроризм фактілері бойынша – 27 іс;
- жаппай тәртіпсіздік бойынша – 131 іс;
- кісі өлтіру бойынша – 146 сотқа дейінгі тергеу.
1612 адам күдікті деп танылса, оның 787-сі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан.
Ұсталғандардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 41 мүшесі, ал 126 адамның кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық бойынша соттылығы бар.
Айта кетейік, 2 қарашада ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған болатын. Бұған дейін заң жобасын сенат пен мәжіліс депутаттары қабылдаған еді.
1 қыркүйекте президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға гуманизм идеясына негізделген және ізгі ниет ретінде бір реттік рақымшылық жасауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996097-qazaqstanda-qantar-oqigasyna-qatysusylarga-raqymsylyq-zasau-bastaldy/