Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық оқушы ауадан су алу тәсілін ойлап тапты

Жарияланған күні:

Eco Fest
Фото: Елена Заречная

Қазақстанда қалдықтар көлемінің артуы күннен күнге өзекті мәселеге айналуда. Қоқыс полигонына жіберілетін тауар тұтыну ауқымының көптігі, қыруар қорап саны бүкіл әлем үшін үлкен проблема болып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қалдықтар санын азайту және оларды қайталама шикізатқа айналдыру, қоршаған ортаны сақтау мәселелерін Eco Fest байқауы аясында экологтар ғана емес, оқушылар да талқыға салды. Байқау финалы жексенбі күні Алматыда өтті.

Jusan Bank қолдау көрсеткен байқауға Алматы, Астана, Қостанай, Семей және Ақтау секілді Қазақстан қалаларынан оқушылар қатысты. Байқауда түрлі жобалар назарға ұсынылды. Олардың қатарында шағын күн панельдері, қайта өңделген қағаздан жасалған қойын дәптерлер, пластиктен жасалған спорттық киімдер, сутекті отын өндірісі немесе пластикалық бөтелкелерден плиткалар жасау, тіпті биогазды құрылғы секілді жобалар да бар.

Eco Fest
Фото: Елена Заречная

Алматыдағы НЗМ-нен келген командалардың бірі Reveco заттарды қайта өңдеу жобасын назарға ұсынды. Оқушылар бұл заттарға тағы бір өмір сыйлап, артынша сатады. Сатылымнан түскен ақшаға олар қаланы көгалдандыру үшін көшеттер сатып алады.

«Біз ескі, қажетсіз заттарды, негізінен киім-кешекті жинап алып, олардан жастықтар, шоперлер тігеміз. Сөйтіп жәрмеңкелерде сатамыз. Былтыр біз осылайша 78 мың теңге көлемінде ақша жинап, оларды ағаш егуге жұмсадық», - дейді Revecо жобасының қатысушыларының бірі Салтанат Қалиева.

Алматыдағы Жетісу ауданының №57 мектебінің оқушылары өз қолымен тіккен шоперлерін көрсетті. Целлофан пакеттерін алмастыра алатын сөмкелер жазулармен, ұлттық оюлармен безендірілген. Егер идея қазақстандықтарға ұнаса, онда болашақта балалар шоперлерді тұрақты түрде сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

Eco Fest
Фото: Елена Заречная

Семей қаласындағы НЗМ оқушысы Тоғжан Ниязбек Water from air деп аталатын ауадан су алу технологиялық жобасын назарға ұсынды.

«Конденсация тәсілімен ауадан су алатын мұнара жасап шықтым. Бұл су мәселесі үлкен проблемаға айналған ауыл тұрғындары үшін баламалы су көзі. Біз тәулігіне 50-100 литр су ала аламыз», - дейді Тоғжан.

Жасөспірім қыз бұған дейін осы жобасымен басқа байқауға қатысып, екінші орын алыпты және өз жобасын Семей қаласында жүзеге асыруға көмектесетін инвестор да тапқан.

Eco Fest
Фото: Елена Заречная

Байқау авторы және ұйымдастырушысы, Eco Network негізін қалаушысы Евгений Мухамеджановтың айтуынша, дайындыққа бірнеше апта кеткен. Барлығы 45 өтінім келіп түсіп, олардың ішінде 12 үздік жоба таңдалып алынған.

«Жобаларды технологиялық және маркетингтік деп бөлуге болады. Технологиялық жобаларға – биогазды құрылғылар, күн панельдері арқылы жемістерді кептіру, портативті қуаттау құрылғысы жатса, маркетингтік жобаларға қайталама шикізаттан сөмке тігу, өңделген заттардан мерчтер жасау және т.б. жатады. Біз олардың өнімін бизнеске – 110 компаниядан тұратын біздің клиенттерге ұсыну үшін технологиялық қолдау көрсетуге әзірміз», - деп хабарлайды эколог.

Eco Fest
Фото: Елена Заречная

Байқауға Jusan Bank үлкен көмек көрсетті.

«Жасыл» жобалар өте құнды, әсіресе балалар арасында, себебі, біз оларға үлкен үміт артып отырмыз. Eco Network-пен бірге өз банкімізде қалдықтарды бөліп жинау жобасын енгіздік және бұл жобаны тұрғын үй кешендері мен Алматыдағы орта мектептерге енгізуде қолдау көрсеттік. Қазіргі таңда пластик, қағаз, әйнек және алюминий қалбырларын өңдеуге өткіземіз. Қазақстанда қоқыс полигондары мәселесі үлкен проблемаға айналған – олар лық толған және халықаралық эко стандарттарға сай емес. Осындай жобалар арқылы біз қоқыс тастайтын орындардағы қоқыс көлемінің артуының алдын ала аламыз. Байқауда ұсынылған идеялар мен бұған дейін іске асырылған бизнес-модельдер ауыл шаруашылығы үшін де, қала өмірі үшін де маңызды әрі қажет», - дейді Jusan Bank PR-директоры Гаухар Керімова.

Биыл банк алғаш рет 2021 жылға арналған тұрақты даму жөніндегі есепті жариялады. Онда қоршаған орта мен климатты сақтау үшін қолға алынып отырған шаралар көрсетілген.

Jusan-ның қолдауына ие болған Eco Fest-те үш команда жеңіске жетті. Үшінші орынды «Гелиокептіргіш», екінші орынды киім-кешекті қайталама өңдеу жобасымен Reveco, ал бірінші орынды Water from Air жобасымен Тоғжан Ниязбек ұтып алды. Жеңімпаздар сәйкесінше 100 000, 150 000 және 300 000 теңге түріндегі сыйлықтарға ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996219-qazaqstandyq-oqusy-auadan-su-alu-tasilin-oilap-tapty/