Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтарға жұмыспен қамтуға арналған онлайн "қызметтер супермаркеті" не береді

Опубликовано:

Фото
Фото: pixabay

Жаңа дағдыларды игеру, жұмыс немесе қызметкер табу, жеке бизнес ашу – осы және басқа да қызметтер енді қазақстандықтар үшін онлайн режимде қолжетімді. Елімізде Бірыңғай цифрлық экожүйе немесе басқаша айтқанда, жұмыспен қамту саласында онлайн "қызметтер супермаркеті" жұмыс істейді. Платформаның мүмкіндіктері туралы NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Онлайн "қызметтер супермаркеті" Электрондық еңбек биржасы негізінде құрылды. Мақсаты - мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Экожүйеге қазірдің өзінде 4 түрлі пайдалы алаң біріктірілген: enbek.kz жұмысқа орналастыру порталы, skills.enbek.kz онлайн оқыту платформасы, business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамалардың бірыңғай терезесі және hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталы. Келесі жылы халыққа мансаптық жоспарлау және еңбек нарығындағы кәсіби біліктілікті тану бойынша қызметтердің кең көлемін көрсету үшін Ұлттық біліктілік жүйесі бойынша цифрлық платформа құрылатын болады.

"Келесі жылы экожүйе азаматтарды кәсіп таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі кәсіби жолында сүйемелдеуді қамтамасыз етеді", - деп атап өтті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті Дәулет Арғындықов.

Қызметтердің супермаркетін пайдаланушылар өздері үшін нақты не ала алатынын сараптап көрейік.

Еnbek.kz - жұмыс немесе қызметкер табудың оңай және жылдам әдісі

Экожүйенің алғашқы қыры - Enbek.kz жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық алаңы. Бүгінде оған 207 халықты жұмыспен қамту орталығы, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігі және 5 онлайн-жұмыспен қамту алаңы қосылған.

Электрондық еңбек биржасын енгізу арқылы жұмыспен қамту орталықтарына тікелей жүгіну қажеттілігі жойылды - енді көптеген мәселені батырманы бірнеше рет басу арқылы шешуге болады: жұмыс іздеу, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтініш беру немесе субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу.

Жұмыс берушілер қызметкерлерді тек мамандығы бойынша ғана емес, нақты дағдылары бойынша да таба алады. Сондай-ақ 1 желтоқсанға дейін Enbek.kz арқылы мемлекеттің қолдауымен уақытша жұмыс орындарын құруға өтініш бере алады.

"Enbek.kz алаңында мемлекеттік қызметте, ERG, KazMinerals сияқты ірі компанияларда жұмыс табуға, Ұлттық жобалар бойынша жұмыс орындарына орналасуға болады. Сондай-ақ пайдаланушыларға "Шекарасыз жұмыс" бірыңғай іздеу жүйесі қолжетімді. Онда бүгінде Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден 873 мың бос жұмыс орнын табуға болады. Бұдан басқа, келесі жылдан бастап тұрақты негізде бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелерін өткізу жоспарлануда", - дейді Дәулет Арғындықов.

Жыл сайын еnbek.kz-те орта есеппен 800 мың бос жұмыс орны мен 600 мың түйіндеме орналастырылып, 400 мыңға жуық адам жұмыс табады.

2023 жылы Enbek.kz порталында жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша және жұмыс орнында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру процесін автоматтандыру жоспарланған, ал жұмыссыздар оқуға онлайн-жолдама ала алады.

Skills.enbek.kz - жаңа дағдыларды игеру жолы

Қызмет саласын өзгерткісі келетіндер мен мамандық үшін жаңа дағдыларды игергісі келетіндер үшін 2021 жылдан бастап skills.enbek.kz электрондық еңбек биржасында білім беру платформасы қолжетімді. Қазақстандықтарға арналған қысқа мерзімді онлайн-курстардың витринасы еңбек нарығында сұранысқа ие болуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға жағдай жасайды.

Қазір, мысалы платформада 162 курс бар және олардың көпшілігі тегін. Әркім өз қызығушылығы бойынша курсты таба алады - олар 23 кәсіби саланы, 110 кәсіпті және 230 дағдыны қамтиды. 133 мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып, сертификат иеленді.

"Бүгін курстарды түрлі білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер мен сарапшылар орналастырды. Жалпы, авторлар өз саласында тәжірибесі мен тәжірибелік дағдылары бар кез келген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бола алады. Платформада курсты өз бетінше жасау үшін арнайы құрастырушы қолжетімді, сонымен қатар қажетті әдістемелік ұсыныстар дайындалады. Сонымен қатар, әркім біздің қызметкерлердің көмегі мен сүйемелдеуіне иек арта алатынын атап өткен абзал", - дейді Арғындықов.

Жақын болашақта кәсіптік оқыту ауқымы одан да кеңейе түседі. Жаңа онлайн-курстарды әзірлеуге қатысты жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ азаматтарға Coursera халықаралық білім беру платформасына қолжетімділік беру жөніндегі жоба жоспарланған.

Оқуды аяқтағаннан кейін жаңа маман еншілеген сертификат автоматты түрде enbek.kz-тегі түйіндемесіне қосылып, үміткердің бәсекелестік артықшылықтарын көтереді.

Business.enbek.kz - кәсіпкерлікті оқып, бизнес ашуға грант алу көкжиегі

Жалдамалы еңбек бәріне қызық емес. Себебі бүгінде 2 млн қазақстандық өздеріне ыңғайлы істі таңдаған. Өз ісін ашқысы келетіндер үшін "қызметтер супермаркетінде" кәсіпкерлік бастамалардың business.enbek.kz бірыңғай терезесі қарастырылған. Онда жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын алуға болады – оқытудан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беруге дейін.

Бар керегі - қатысушыларға ЭЦҚ пайдалану арқылы Business.enbek.kz порталында тіркелу және шарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруден өту қажет. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн сипатта да өтеді. Қазірдің өзінде 67 мыңнан астам өтінім қабылданып, 20 мың адам грант олжалады.

Hr.enbek.kz - еңбек қатынастарын ресімдеу

Нr.enbek.kz порталы бірінші кезекте жұмыс берушілерге арналған, ол еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен синхрондалған және электрондық еңбек шарттарын есепке алу, сақтау, жасау мүмкіндігін береді. Сондай-ақ ресурс мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру есебінен қызметкердің жеке ісін автоматты түрде қалыптастыру арқылы өрісті кеңейтеді.

"Сервисте сонымен бірге "Онлайн еңбек кеңесшісі" функциясы бар. Онда жұмыс беруші немесе қызметкер еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың сақталғанын және жұмысқа қабылдаудан, еңбек шарттарын жасаудан бастап демалыс беру тәртібіне дейін нені түзету керектігін білу үшін жасырын түрде сауалнамадан өте алады. Жүйе автоматты түрде кеңестер береді. Тіркелген пайдаланушылар барлық өткен тексерістерді сақтай алады. Нәтижесінде жұмыс беруші өзінің үлгерімін көріп, олқылықтарды түзетіп, қайта тексеруден өте алады", - деп атап өтті "ЕРДО" АҚ президенті.

Бүгінгі таңда порталда 320 мың жұмыс беруші арасында 4,8 млн еңбек шарты тіркелген. Бұл жалдамалы қызметкерлердің 64%-ы немесе 4,3 млн адамды қамтиды.

Career.enbek.kz - Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы

Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы - келесі жылы қызмет көрсету супермаркетінде пайда болатын тағы бір жаңа өнім.

Ұлттық біліктілік жүйесі еңбек нарығы мен білім беру жүйесіне қатысушылар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл мен келісімді қамтамасыз етуге тиіс. Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттар арқылы мамандыққа қойылатын талаптарды қалыптастырады. Мысалы аспаз немесе бухгалтер нақты не істей алғаны жөн? Тиісті деректердің негізінде білім беру жүйесі кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін өзінің білім беру бағдарламаларын реттейді.

"Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі өз мамандықтарын өз бетінше таңдамайды және көбінесе еңбек нарығының қажеттіліктері туралы түсініктері жоқ. Дұрыс таңдау жасау үшін азаматтар өздерінің мансаптық дамуының барлық талабы мен мүмкіндіктерімен таныса алуы керек. Еңбек нарығында 12 мыңнан астам жұмыс, 623 кәсіби стандарт, әр түрлі салалық біліктілік шеңбері бар және осының бәрінде шатаспау үшін келесі жылы біз career.enbek.kz платформасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Аталмыш құрал сондай-ақ азаматтарға өз мансабын анықтауға және еңбек нарығында өз дағдыларын тануға септігін тигізеді", - деп түсіндіреді Дәулет Арғындықов.

Платформада мамандықтар бойынша сандық нұсқаулық қолжетімді болады. Ол еңбек нарығындағы барлық кәсіп туралы ақпараттың өзіндік агрегаторы болады және онда әркім белгілі бір маманның қандай еңбек функцияларын орындауы керек, жалақысы қандай, қандай салаларға жұмылатындығын және оған қандай аймақтарда сұраныс бар екенін біле алады.

Сондай-ақ платформа арқылы аккредиттелген сертификаттау орталықтарында біліктілікті тану рәсімінен өтуге өтінім беру жөніндегі функционал іске асырылатын болады. Бұл ретте тіркелген жұмыссыздарға электрондық ваучерлер беріледі. Біліктілікті сертификаттау жұмысшыларға еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді және жоғары табыс табуға жол ашады. Жұмыс берушілер сертификаттардың дұрыстығын платформа арқылы тексере алып, бұл біліктілік саласында ашықтықты қамтамасыз етеді.

Осылайша, жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесі - жұмыс іздеп жүрген, мамандығын ауыстырғысы келетін немесе өзі жұмыс беруші болып табылатын әрбір қазақстандық үшін бір сілтеме арқылы барлық пайдалы нәрсені оңай таба алатын бірегей өнім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996359-qazaqstandyqtarga-zumyspen-qamtuga-arnalgan-onlain-qyzmetter-supermarketi-ne-beredi/

pixel