Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері елордалық полиция департаментінің бөліністеріне барды
Жарияланған күні:
Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері елордалық полиция департаментінің бөліністеріне барды. Іс-шараға ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахым Ошақбаев, Кеңес мүшелері Баян Тойкебаева, Сырым Адамбаев, Азамат Ерғалиев, сондай-ақ Полиция департаментінің басшылығы қатысты.
Кездесу барысында елордалық Департамент бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев қаладағы криминогендік ахуалдың жай-күйі, азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықпен өзара іс-қимыл, жол қауіпсіздігі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Жалпы, елордадағы жедел жағдай тұрақты. Қылмыстарды тіркеудің 9,6 пайызға шамалы өсуі байқалады. Бұл, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайға, атап айтқанда, халық санының өсуіне және көші-қон процестерінің жоғары деңгейіне байланысты.
Департамент есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелеріне көп көңіл бөледі. Жыл басынан бері 185 есірткі қылмысы анықталып, 250 келіден астам әр түрлі есірткінің түрлері тәркіленді. 4 есірткі лабораториясының қызметі тоқтатылды, 69 есірткі сайты бұғатталды.
Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алудың ұйымдастырушылық-құқықтық шараларын жетілдіру мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл саладағы қылмыстар саны 20% - ға өсті. Тұрмыстық жанжалдардың басты себебі-маскүнемдік болып қала беруде. Талдау көрсеткендей, тұрмыстық қылмыстардың 90% - ы алкогольді пайдалану негізінде жасалған. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп отбасылық агрессия құрбандарын уақытша оқшаулау қамтамасыз етілуде.
Қоғамдық кеңес мүшесі Баян Тойкебаеваның пікірінше, тест режимінде агрессорлармен профилактикалық жұмыс жасау үшін психологтар қауымдастығының мамандарын тарту қажет.
Көшелерде және қоғамдық орындарда азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер кешенді шаралар қабылдауда. Жол қозғалысына қатысушылардың көлік тәртібін бақылау айтарлықтай күшейтілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департамент қызметіндегі басты басымдық болып табылады. Өз күшімен жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою және полицейлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша шаралар қабылдануда.
Полиция жұмысында сенім деңгейін арттыру және халықпен кері байланыс орнату жөнінде шаралар қабылдай отырып, ашықтық қағидаты басым болып қала береді.
Бұл күні Қоғамдық кеңес мүшелері Қордай көшесіндегі № 3 учаскелік полиция пунктіне барды. Тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою үшін жергілікті жерде учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмыс істейді. Учаскелік пункттің жаңа үй-жайы қажетті коммуникациялар мен бейнебақылау камераларымен жабдықталып, азаматтарды жайлы қабылдау үшін барлық жағдайлар жасалған. Азаматтарды қабылдауға ыңғайлы орындар, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге арналған кабинет, ана мен баланың бұрышы жабдықталған.
Қорытындылай келе, Қоғамдық кеңес мүшелері елордада тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлері неғұрлым қолайлы жағдайларда жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996860-iski-ister-organdarynyn-qyzmeti-maseleleri-zonindegi-qogamdyq-kenestin-museleri-elordalyq-policiya-departamentinin-bolinisterine-bardy/