Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандырумен 6,7 млн адам қамтылды

Жарияланған күні:

Фото
Фото: pixabay

Бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандырумен шамамен 6,7 млн адам қамтылған. 2021 жылы 1,1 миллионнан астам адам 340 млрд теңгеге жуық төлем алды. Қазақстандықтар үшін міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары туралы "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел айтып берді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілді. Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды қорғаудың қосымша түрі.

"Жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлейді. Ал жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар - алынған табыстың 3,5%-ы мөлшерінде. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, дегенмен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді", - деді Нұрсұлу Кемел.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру ынтымақтастық қағидаттарына негізделген. Яғни, аударымдар барлық жұмыс істейтін азамат үшін төленеді, ал төлемдерді тек мынадай әлеуметтік қауіп түрлеріне тап болған адамдар ғана ала алады:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу;
  • асыраушысынан айырылу;
  • жұмысынан айырылу;
  • жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу,
  • жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табыстан айырылу;
  • бала бір жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу.

2005-2021 жылдар аралығында МӘСҚ-дан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 2,4 трлн теңгені құрады.

"Бұл жерде әлеуметтік тәуекел туындаған жұмыс істейтін азаматтар базалық мемлекеттік жәрдемақыларды ғана емес, сонымен қатар Қордан қосымша әлеуметтік төлемдерді де алатынын атап өту маңызды, - деп жалғастырады Нұрсұлу Кемел. – Мысалы, еңбекке қабілеттілігінен айырылған және МӘСҚ-дан асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер мүгедектік және бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша тағайындалады".

2008 жылдан бастап елімізде ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Бала туылғаннан кейін ата-анасының біріне, еңбек қызметін жүзеге асыруға қарамастан, бюджеттен баланың тууына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК, ал төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК-ті құрайды.

Жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері белгіленген және туған баланың кезегіне байланысты.

"Жұмыс істейтін аналар 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Қордан ай сайынғы әлеуметтік төлем алады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әр балаға жеке тағайындалады, - деп түсіндіреді Қордың бас директоры. - 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайту көзделген. Ол жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға бірдей қатысты болады. Осылайша, жұмыс істейтін әйелдерде жұмыс істемейтіндерге қарағанда ана мен балаға байланысты төлемдер көбірек есептеледі".

Қордан төлемдерді тағайындау бойынша қызметтер "бір терезе" қағидаты аясында көрсетіледі. Бұл еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемді еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін алғашқы белгілеу кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы, жұмысынан айырылу бойынша төлемді egov.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеу кезінде немесе халықты жұмыспен қамту орталығы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы алуға болатындығын білдіреді.

Мемлекеттік қызметтер онлайн режимде де қолжетімді. Бүгін egov.kz порталының көмегімен асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, 1 жасқа дейінгі бала күтімі жөнінде төлемдерді тағайындауға жүгінуге болады. Айтпақшы, соңғы қызметті екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы алу мүмкін дүние.

"Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Ол "электрондық хабарламашы" ретінде SMS-хабарлама арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінудің қажеттілігінсіз кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқығының туындағаны туралы жеткізеді. Әлеуетті қызмет алушыларға телефонға келіп түскен әлеуметтік төлем құқығы туралы хабарламаға оң жауап беру жеткілікті. Бүгінгі таңда 7 мыңға жуық қазақстандыққа проактивті түрде төлем тағайындалды. 2022 жылдың 9 айында Қор көрсеткен мемлекеттік қызметтердің жартысына жуығы немесе 48%-ы электрондық сипатта жүзеге асырылды. Бұл ретте азаматтар төлемдер алу үшін дәстүрлі түрде ХҚКО арқылы жүгіне алады", - деп толықтырады Нұрсұлу Кемел.

МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдардың дұрыс және уақтылы түсуін әр түрлі тәсілмен тексеруге болады:

  • egov.kz порталы арқылы (Басты бет/Азаматтарға/Жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту/Жұмысқа орналасу және жұмыс іздеу /Міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат);
  • "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында (ХҚКО);
  • Қордың филиалында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997241-qazaqstanda-mindetti-aleumettik-saqtandyrumen-67-mln-adam-qamtyldy/