Бау-бақша өсіру немесе дәмді ас дайындау: "Күміс жастағы" қазақстандықтардың тәжірибесі көптеген қызмет саласында сұранысқа ие
Жарияланған күні:
Еңбек өтілін молайтып, жоғарырақ зейнетақы алу үшін зейнет жасына тақаған жылдары жұмысқа орналасу – енді қазақстандықтарда "Күміс жас" жобасы аясында сондай мүмкіндік бар.
62 жаста жұмыс іздеу ешкімге оңайға соқпайтыны анық. Ал егер адамда мүгедектіктің үшінші тобы болса, онда жұмыс табу, тіпті қиындай түседі. Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Толкун Режаметов осындай мәселеге тап болды. Белгілі бір себептермен Толкун Хилватұлы егде тартқан шағында жұмыссыз қалды. Содан жұмыспен қамту органдарына 2022 жылдың 25 ақпанында тіркелді. Баяғыдай мүгедектікке қарамастан тоқтаусыз тер төгіп, алға ұмтылатын жалындаған жастық шақ жоқ. Денсаулықтың сыр беруі де жыл өткен сайын жиілеуде. Толкун жұмыс таба алатынына сенбей келген. Бірақ маусым айында Сайрам ауданының жұмыспен қамту орталығы оны жағымды жаңалықпен қуантып, еңсесін көтерді. Кейіпкерімізге "Күміс жас" жобасы аясында бос орын пайда болып, балалардың серуендеп ойнауына арналған бақ өсіру туралы қызықты ұсыныс түсті.
Биылғы жаз мезгілінде Толкун Режаметов өзінің туған Сайрамындағы "БИБИНИСА-АНА" бөбекжай-бақшасына жұмысқа орналасты. Қазір ол балабақшаның санитары және көгалдандыру маманы. Айналаны көгалдармен жасылдандыруға, гүлдердің, жас көшеттердің жайқала өсуіне жауапты. Ұқыпты қолдың қамқорлығын көрген бақ - Толкун Хилватұлының сәбилерге арнаған кішкентай жер жәннаты. Ол бейнетінің зейнетін көріп, құрметті демалысына шықса да, баптап, суарған тал-желектері көптеген жыл бойы адамдарға көлеңке мен салқын сая сыйлайды.
"Күміс жас" жобасына зейнет жасына тақаған (зейнеткерлікке шыққанға дейін 2 жыл қалған) адамдар қатыса алады. Бұл жас кездейсоқ таңдалмаған. Бұған дейін жеткіліксіз немесе арасында үзілістер бар еңбек өтіліне байланысты зейнетақы мөлшері төмен болатын. Енді 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде "Күміс жасқа" қатысушылардың жұмысқа орналасуға және өтілін толтыруға, зейнеткерлікке шыққан күнге дейін еңбектеніп, неғұрлым жоғары төлемдер алуға мүмкіндігі бар.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаев қаласының тұрғыны Наталья Бирюкова болашақ зейнеткерлер үшін жұмыс өтілін толтырудың қаншалықты құнды екенін айтып берді. Ол мектептен кейін бірден еңбекке ерте араласып, әр түрлі кәсіпорындарда сан алуан жұмыс атқарған. 20 жасында Ресейдің Томск қаласына аттанып, онда тамақ, сауда және қызмет көрсету колледжінде оқыған. Оқу кезінде зауыт асханасында аспаздың көмекшісі болып тер төккен. 1987 жылы науқас анасына күтім жасау үшін Булаевқа оралуға мәжбүр болғанын еске алады. Бұл мекенде де мамандығына қатысты кәсіпорындарда аспаз болып жұмыс істеуді жалғастырып, содан кейін өзінің кәсіби тәжірибесін Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенттерімен бөліскен. Ал 59 жасында кенеттен жұмыссыз қалды.
"Мен әлеуметтік желілерден осындай "Күміс жас" деген жоба бар екенін білдім. Көктемде бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, жұмыспен қамту орталығы арқылы жобаның қатысушысы болдым. Зейнет жасына тақаған адамдар үшін жұмыс орындары құрылып жатқанын білдім. Нәтижесінде тоқтап қалған жұмыс тәжірибесін толтыра аламыз. Бұл өте маңызды. Өйткені тиісті қолдау зейнетақы мөлшеріне әсер етеді", - деді Наталья Николаевна.
Наталья Бирюкова "Күміс жас" жобасы аясында жұмыс берушінің өтініміне сай шаруашылыққа аспаз болып қабылданды.
"Мамандығым бойынша жұмыс істеймін, білімім де, тәжірибем де бар. Өте сәтті жұмысқа орналастым, еңбек өтілі жалғасады және жалақы тұрақты болады. Қаламыз шағын ғой, жұмыс орындары көп емес. Әрине дәмханаларда немесе мейрамханаларда жұмыс іздеуге болатын еді, бірақ бізде, біріншіден, олар көп емес, екіншіден, басым бөлігі жастарды алуға бейім. "Күміс жас" жобасы мен сияқты зейнеткерлікке шыққанға дейін бір-екі жыл қалғандар үшін өте маңызды және қажет деп санаймын", - деді Наталья Бирюкова.
"Күміс жас" жобасы барысында 10 ай ішінде еліміздің түрлі өңірінде зейнет жасына тақаған 2576 қазақстандық қатысып, жұмысқа орналастырылды. Жобаға қатысушылардың жалақысын мемлекет 50% субсидиялайтындықтан, "Күміс жас" жұмыс берушілер үшін де тиімді. 12 ай ішінде зейнеткерлікке дейінгі жастағы қызметкер жоба аясында жұмыс істесе, содан кейін жұмыс беруші оған зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнын беруге міндеттенеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997371-bau-baqsa-osiru-nemese-damdi-as-daiyndau-kumis-zastagy-qazaqstandyqtardyn-taziribesi-koptegen-qyzmet-salasynda-suranysqa-ie/