Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тігінші болу немесе өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету: "Күміс жас" жобасының қатысушыларына көптеген жұмыс түрі қолжетімді

Жарияланған күні:

Күләш Әбілова
Фото: Күләш Әбілованің жеке мұрағатынан алынды

Биылғы жылдың басынан бері зейнет жасына тақаған екі мыңнан астам қазақстандық "Күміс жас" жобасына қатысып үлгерді. Осы жоба арқылы олар жұмысқа орналасуға және жоғары зейнетақы алу үшін тоқтап қалған еңбек өтілін толықтыруға мүмкіндік алады.

Көздің жауын алатын кескіндер, бірегей ою-өрнек, тігін машинасының құлаққа жағымды дыбысы – мұның бәрі қазақтың дәстүрлі көрпесін жасау үдерісінің ажырамас бөлігі. Ұлы даланы мекендеген көшпенді тайпалардан бастау алатын бұл бұйымның тарихы тереңде жатыр. Әр түрлі көлем мен сан алуан сипаттағы көрпелер төсек-орынның және жиһаздың бір бөлігі, қыздың жасауы, әрі нағыз өнер туындысы саналатын. Мәселен, төр көрпе құрметті қонақтар үшін арнайы қымбат маталардан тігілген. Ал ою көрпелерде киелі мағынасы жатқан керемет ұлттық ою-өрнектер кестелеленген. Құрақ көрпе түсі мен құрамы әдейі таңдалып, шебер қиыстырылған мата қиқымдарынан жасалған.

Ақтөбе облысындағы "Күміс жас" жобасының қатысушысы Күләш Әбілова қазіргі заманғы көрпелерді дәстүрлі көрпе элементтерімен шебер үйлестіру мен ою-өрнекті орындаудың қыр-сырын жақсы біледі. Ол тігін шеберлігіне анасы мен әжесінен үйренген. Алайда зейнет жасына тақаған жылдары Күләш Рахметқызы жұмыссыз қалып, лайықты зейнетақыға қажет еңбек өтілінің тоқтап қалғанына уайымдап жүрді. Содан жұмыспен қамту органдарына жүгініп, "Күміс жас" жобасы туралы білген соң қажетті құжаттарды тапсырды. Нәтижесінде "Нұр Ханым" жеке кәсіпорнынан өзіне ыңғайлы жұмыс орнын тапты.

"Қазір мен тігінші болып жұмыс істеймін, көрпе, жастық тыстарын, бетперделер, өзге де адамдарға қажет заттарды тігемін. Кәсіби тігінші мамандығын оқымасам да, әрқашан үйде кесте тігетінбіз. Анам да, әжем де он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері, әдемі құрақ көрпе жасап, көйлек тігетін. Солардан бәрін үйрендім. Жұмысымда сүйікті ісіммен айналысып жүргенім қуантады", – дейді Күләш Әбілова.

Ол өзінің замандастары мен қатарластарына жұмыспен қамту органдарына жүгінуді, "Күміс жас" жобасына қатысуды және жандарына жақын жұмыс табуға кеңес етеді.

Бұл жоба зейнеткерлікке шыққанға дейін екі жыл қалған адамдарға арналған. "Күміс жас" 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның бөлігі болып табылады. 10 айдың ішінде Қазақстанда "Күміс жастың" арқасында зейнет жасына тақаған 2 576 адам жұмыс тапты. Ең көп жұмыспен қамтылғандар Алматы облысында – 522 адам. Екінші орынға жайғасқан Түркістан облысында зейнет жасына тақаған 454 тұрғын жұмыс тапты. Жамбыл облысында жобаның 269 қатысушысы, Қарағанды облысында – 258 және Ақтөбе облысында – 163 қатысушысы жұмысқа орналастырылды.

Зейнет жасына тақаған адамдар үшін жұмыс орындарын жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп құрады. 12 ай ішінде қызметкер "Күміс жас" жобасы аясында жұмыс істейді, содан кейін оған зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі.

Осы жоба арқылы Семей тұрғыны Жұмабек Биғаримов 62 жасында жұмыс тапты. Ол қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, "Күміс жас" жобасының қатысушысы болды. Сөйтіп Жұмабек Сейілханұлы 2022 жылдың тамыз айында Qalbatay mining ЖШС-не жұмысқа жіберілді. Бұл кәсіпорынның басты ісі - бұрғылау жұмыстары. Техника мен күрделі аппаратураға қызмет көрсетуде Жұмабек Бигаримовтің электрик ретіндегі мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі барынша кәдеге жарады. Бүгінгі таңда ардагер маман ұжымда зор құрметке ие.

"Күміс жас" жобасының мақсаты - зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту. Жобаға жұмыс берушілер ретінде бір жылдан астам жұмыс істейтін барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар алады. Бұл ретте олар тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүргізу керек және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі болмауға тиіс.

"Күміс жасқа" арналған жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындары және олар бойынша бос жұмыс орындарынан тыс құрылады. Жұмыс зиянды, ауыр немесе қауіпті болмауы керек. Жобаға қатысушылар, сондай-ақ ұлттық жіктеуішке сәйкес біліктілігі төмен жұмыскерлердің тоғызыншы тобына жататын кәсіптер бойынша жұмысқа орналастырылмайды.

Мемлекет тарапы "Күміс жасқа" қатысушылардың жалақысының 50%-ын субсидиялайды, бірақ оның мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 30 АЕК-тен (91 890 теңге) аспайды. Жобаға қатысу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жаңа қызметкерді зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты еңбекпен қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997595-tiginsi-bolu-nemese-ondiriste-qauipsizdikti-qamtamasyz-etu-kumis-zas-zobasynyn-qatysusylaryna-koptegen-zumys-turi-qolzetimdi/