Астана тұрғынына "Отбасының цифрлық картасы" арқылы бала күтімі бойынша төлем тағайындалды
Жарияланған күні:
Қазақстанда осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде проактивті сипатта мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша "Отбасының цифрлық картасы" жобасы іске асырылуда. Астана тұрғыны Евгения Купп аталған Карта көмегімен бала күтімі бойынша төлем тағайындалған алғашқы қазақстандықтардың бірі болды, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Биыл Евгения Александра деп аталатын қыз баласын дүниеге әкелді. Ол босанғаннан кейін бірден 1414 нөмірінен құттықтау хабары келіп, онда баланың туу туралы куәлігін үйден шықпай-ақ онлайн режимде рәсімдей алатыны мәлімделді.
"Бізге дайын құжатты алып кету ғана қалды", - дейді Евгения Купп.
Сондай-ақ, бақытты ана бала туу жәрдемақысын және оған күтім жасау үшін ай сайынғы төлемді автоматты түрде иеленді. Келесі жылдан бастап, айтпақшы, мұндай әлеуметтік төлемдердің мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін артады.
"Менің ойымша, сәбилері бар барлық ана менің пікірімді ойланбастан құптайды. Бұл жаңашылдық өте ыңғайлы. Себебі енді кішкентай баламен әр жерге жүгіріп, жәрдемақылар мен төлемдерді рәсімдеу үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ. Мұның бәрі онлайн, бірден автоматты түрде жасалатыны расымен керемет!", - дейді Евгений.
Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың дерегі негізінде отбасы құрамын автоматты түрде анықтайды және өмір сүру деңгейін бағалауды қалыптастырады.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар азамат анықталған жағдайда, оған мемлекеттік жәрдемақыны немесе әлеуметтік төлемді әлеуетті алушы болып табылатыны туралы хабарламасы бар SMS-хабарлама келеді.
SMS-те азаматқа келісуге немесе мемлекеттік қолдау алудан бас тартуға таңдау беріледі. Оң жауап алған кезде оған мемлекеттік жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем тағайындалады. Ақша азаматтың банктегі шотына түседі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, 40,8 мыңға жуық қазақстандық мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсету бойынша SMS-хабарлама алды. Оның ішінде 9,2 мың адам осы мүмкіндікті пайдаланды.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы шеңберінде проактивті сипатта мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін тағайындау бойынша қызметтер ұсынылады:
- Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
- Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
- Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
- Асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
- Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршысына) берілетін жәрдемақы;
- Мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
- Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
- "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы;
- Атаулы әлеуметтік көмек;
- Зейнетақы төлемдерін әлеуетті алушыларды хабардар ету.
"Отбасының цифрлық картасы" жобасы 2025 жылға дейін бірнеше кезеңде іске асырылатын болады: 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қажетті тізім әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктер қолжетімді болады; 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атап өткендей, Картаны енгізу тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жеделдігін арттыруға және сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға жол ашады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997604-astana-turgynyna-otbasynyn-cifrlyq-kartasy-arqyly-bala-kutimi-boiynsa-tolem-tagaiyndaldy/