Тігінші, аспаз, шаштараз - Қазақстанда жұмыссыз адамдар жаңа мамандықтарды игеруде
Жарияланған күні:
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде қысқа мерзімді оқыту курстары қазақстандықтарға сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу ошағында немесе бірден жұмыс орнында оқуға мүмкіндік береді.
Заманауи технологиялардың дамуы барысындағы қарқынды өзгерістер еңбек нарығына да өз әсерін тигізді. Талай жыл сұранысқа ие болған кей мамандықтар бүгінде өткеннің еншісінде қалып, үнемі білім алуды және дағдыларды жетілдіруді қажет ететін жаңа салалар, кәсіптер, мамандықтар пайда болуда.
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сүйенсек, 2025 жылға дейін әлемде 85 миллионға жуық жұмыс орны жоғалып кетуі мүмкін болса, ал 97 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Мұндай жылдам өзгерістер бүгінде мамандарды даярлау тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр етеді. Теориялық білімге баса назар аудара отырып, бірнеше жыл бойы оқуды көздейтін дәстүрлі білім жүйесі еңбек нарығындағы тез өзгеретін сұраныстарға ілесе алмауда. Жұмыс берушілердің талаптары өзгеріп, жұмыс орындары күрделене түсуде және бүгінде еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін өмір бойы ахуалға бейімделіп, білім алу қажет.
Қазақстанда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде, жұмыссыздар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың бірқатар бағыты көзделген. Бұл - білім беру ұйымдарында немесе білім беру қызметін іске асыруға құқығы бар жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы оқу орталықтарында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту.
Оқу ұйымдарында дайындық курсы алты айдан аспайды, ұзақтығы болса, біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты.
Маңызды тұсы – оқу ұйымдарында кәсіптік даярлау жұмыс берушілердің өтініші бойынша жүргізіледі. Бұл жоба қатысушысының кәсіптік оқыту курсынан кейін жұмыс іздеп әуре-сарсаңға түспейтіндігінің кепілі. Ол үшін жұмыс орны қарастырылып қойған.
Бұл ретте жұмыс берушілердің барлығы бірдей қызметкерлерді даярлауға өтінім бере алмайды. Ұлттық жобаға бір жылдан астам жұмыс істейтін, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі түрде жүргізетін, мерзімі өткен жалақы бойынша берешегі жоқ компаниялар қатыса алады. Іріктеуден өткен жұмыс берушілер жұмыспен қамту органдары құрайтын тізбеге енгізіледі және оны алдағы жылға арналған арнайы комиссия бекітеді. Бұл ретте қажеттілігіне қарай тізбе жыл ішінде жаңартылуы мүмкін.
Жұмыссыздар үшін курстар өткізетін оқу ұйымдары да жарамдылыққа сыналады. Мемлекеттік білім беру тапсырысын алатындықтан, олар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы белгілеген талаптарға сай болуға тиіс. Іріктеуді өңірлік кәсіпкерлер палаталары жүргізеді, оған жұмыс берушілер ұйымдары мен кәсіпкерлер қауымдастықтары жанындағы оқу орталықтары, "Жас маман" жобасының колледждері, жеке оқу орталықтары мен колледждер қатысады.
Оқыту ұйымдарына қойылатын талаптар қос тарапты оқыту қырларын (теориялық бөлім және өндірістік тәжірибе кемінде 60%) және тәлімгерлікті міндетті түрде пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ біліктілік емтиханын тапсыру туралы куәлік немесе сертификат бере отырып, кемінде 6 ай кәсіптік оқытуды өткізу тәжірибесінің болуы не техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) мамандықтары бойынша білім беру қызметіне лицензияның болуы қажет. Оқу ұйымында өндірісте кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі бар оқытушылар, жұмыс берушілермен және өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен келісілген материалдық-техникалық база және білім беру бағдарламалары болуға тиіс.
Маңызды талаптардың бірі - оқу ұйымы түлектерінің тізілімге енгізілгенге дейін жұмысқа орналасу деңгейі 60%-дан төмен болмауға тиіс.
Кәсіптік оқудан өтуге ниет білдірген үміткерлер жұмыспен қамту орталығына шағын құжаттар көлемін ұсынуы қажет. Оған жеке куәлік, бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама, банктердің біріндегі карточкалық шот нөмірі және бар болса, бұрын алған білімі мен еңбек қызметін растайтын құжаттар кіреді.
Жұмыссыздарды оқуға жібермес бұрын жұмыспен қамту орталықтарында әлеуметтік кәсіптік бағдар жасалады. Бұл кезеңде үміткерлерге оқу қалай өтетінін, қандай дағдылар бойынша және курсты аяқтағаннан кейін қайда жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға қолғабыс етіледі.
Ұлттық жоба шеңберіндегі қысқа мерзімді оқыту таңдалған мамандық пен дағдыларға байланысты жеке де, онлайн да өтеді. Қос тарапты оқыту ұстанымы теориялық оқытудан басқа, бұған дейін айтылғандай, жұмыс берушінің кәсіпорны немесе ұйымы негізінде тәжірибенің кемінде 60%-ын көздейді. Аралық аттестаттаудан өту кезінде сабақтарды өткізіп алғаны және қанағаттанарлықсыз бағалары үшін оқушы оқудан шығарылуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыссыздың қайта оқуға мүмкіндігі бар, бірақ бір жылдан кейін және бір реттен артық емес.
Жұмыссыздармен оларды оқуға қабылдау кезінде төрт жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады. Тараптар - оқушының өзі, жұмыс беруші, оқу ұйымы және халықты жұмыспен қамту орталығы. Әлеуметтік келісімшарт негізінде білім алушыларға ТжКБ ұйымдарының студенттерімен бірдей мөлшерде стипендия төленеді, қажет болған жағдайда жол жүру, тұру және медициналық байқау ақысын төлеуге материалдық көмек көрсетіледі.
Ұлттық жоба шеңберінде оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жұмыссыз адам алған білімі мен дағдыларын растайтын мемлекеттік үлгідегі сертификат алады және 10 жұмыс күні ішінде жұмыс беруші оны бұрын мәлімделген бос орынға кемінде 12 айға жұмысқа орналастырады. Осы кезде әлеуметтік келісімшарт аяқталып, еңбек шарты күшіне енеді.
Ұлттық жоба шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың тағы бір нұсқасы жұмыс берушіден жұмыс орнында қажетті дағдыларды алуды көздейді. Бұл жағдайда оқу орталықтары емес, жұмыс орындарын ұсынатын компаниялардың өздері тізілімге енгізу үшін тексеруден өтеді. Ұлттық жобаға қатысу үшін жұмыс беруші ҚР аумағында тіркелген жұмыс істеп тұрған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер мәртебесінің болуын, қызметінің бір жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп жатқанын, салықтар, жарналар және аударымдар бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқтығын растауға тиіс. Материалдық-техникалық базаның және өндірісте кемінде бір жыл кәсіби тәжірибесі бар білікті қызметкерлердің болуы, жұмыс біліктіліктері бойынша кадрлар даярлаудың жеке бағдарламасының болуы қажет.
Сондай-ақ оқу орталықтары ретінде жұмыс берушілерге еңбекпен қамтуға қатысты талап қойылады. Өтінім берген сәтте кәсіпорында оқудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыру көрсеткіші кемінде 60%-ды құрауға тиіс.
Аудандық немесе қалалық комиссия өтінімдер аясында оқыту ұйымдастырылатын жұмыс берушілердің тізбесін бекітеді. Жұмыспен қамту орталығы тізілімге енгізілген жұмыс берушімен жұмыссыздарды жұмыс орнында оқытуды ұйымдастыруға және қаржыландыруға шарт жасайды.
Оқушылар үшін жұмыс беруші жеке бағдарлама жасайды және білікті тәлімгер ұсынады. Курс аяқталғаннан кейін біліктілік емтиханы өткізіледі, оны тапсырған адамдарға кәсіптік дағдыларды игергені туралы сертификат беріледі және кемінде 12 ай мерзімге жұмыс орнына жұмысқа орналасу ұсынылады.
Курсты өту кезеңінде жұмыс берушінің базасында оқушылар жалақы алып, оны жұмыспен қамту орталығы төлейді. Жалақы мөлшері 20 АЕК (61 260 теңге) құрайды, бірақ орындалатын жұмыстың күрделілігіне байланысты жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілей алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қарашаға тізілімге 670 оқу ұйымы енгізілген. Бұл колледждер, жұмыс берушілер кәсіпорындарындағы оқу орталықтары, дербес оқу орталықтары және басқалар.
Ағымдағы жылы оқу ұйымдарында кәсіптік оқытумен 11 мың адамды қамту жоспарланып, 10 айдың қорытындысында оған 10 604 жұмыссыз жіберілді. Курсты 4 599 адам аяқтап, оның 3 704-і жұмысқа орналастырылды. Оқуға жіберілген үміткерлердің 1558-і тігін мамандығын таңдаса, 1379-ы аспазға, 861-і шаштаразға оқуды жөн көрді. Сондай-ақ 680 адам "ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі" мамандығын таңдап, 639-ы кондитерлікке оқуға шешім қабылдады.
10 айда 1869 үміткер жұмыс орнында оқуға кірісті. 1 қарашадағы жағдайға қарасақ, 284 адам оқуын тәмамдап, оның 265-і жұмысқа орналастырылды. Білім алушылар арасында "тігінші" мамандығы да ең танымал болып, оны ұлттық жобаның 283 қатысушысы таңдады, екінші орында – шаштараз, оған 200 үміткер оқуды жөн көрді. Аспаз дағдыларын игеруді 130 адам, бухгалтер болуды – 85 адам, азық-түлік емес тауарларды сатуды 65 адам ұйғарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997663-tiginsi-aspaz-sastaraz-qazaqstanda-zumyssyz-adamdar-zana-mamandyqtardy-igerude/