Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елде өрт сөндірушілерге екінші жұмысқа орналасуға рұқсат етілмейді

Жарияланған күні:

Өрт
Өртке қарсы қызмет. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарының Төтенше жағдайлар министрлігін күшейту қажеттігі туралы сауалына жауап беріп, өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне екінші жұмысқа шығуға болмайтынын баса айтты. Жауап парламент палатасының ресми сайтында жарияланған.

Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында мәжіліс депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігін күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс білдірген. Депутаттық сауалда мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне Беларусь елінен үлгі ала отырып, негізгі жұмысынан бос уақытында екінші қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік беру ұсынылған. Авторлар бұған қазір Қазақстанда заңмен тыйым салынғанын айтады.

Еске салсақ, Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шартының талаптары бойынша басқа тұрақты ақы төленетін жұмысты орындауы толық емес жұмыс уақыты деп аталады.

Осыған байланысты заңнамада бірнеше тыйым бар:

  • біріншіден, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерге және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмысшыларға, медицина саласын қоспағанда (26-баптың 2-тармағының 5-тармақшасы), толық емес жұмыс күнімен жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
  • екіншіден, негізгі жұмыс орнындағы және толық емес жұмыс уақыты бойынша күнделікті жұмыстың жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан (яғни 8 сағаттан) 4 сағаттан аспауға тиіс (68-баптың 3-тармағы).

Басқа жұмыс берушімен толық емес жұмыс күні бойынша еңбек шартын жасасу үшін қызметкер негізгі жұмыс орнынан (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) сипаты мен еңбек жағдайлары туралы анықтама ұсынады.

Депутаттық сауалға жауабында Әлихан Смайылов өрт сөндірушілерге сапалы демалыс қажет екенін атап өткен.

"Мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлері денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін жоғары психологиялық және физикалық күйзеліс жағдайында, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қоюға ұдайы жедел әзірлікте қызмет етеді. Тапсырмаларды орындау үшін қызметкерлер толық тынығуы және физикалық және психологиялық денсаулығын сақтауы керек.

Осыған байланысты мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне мүдделі мемлекеттік органдардың екінші қосымша жұмысқа орналасу құқығын беруі орынсыз деп саналады", - деп жазды Смайылов.

Сонымен бірге ол президенттің тапсырмасы бойынша үкімет басқа да күштік құрылымдардағыдай азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын да көтеру және әлеуметтік пакетті кеңейту мәселелері пысықталып жатқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, осы аптада Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келесі жылдан бастап Қазақстандағы өрт сөндірушілердің жалақысы 10 пайыздан 70 пайызға дейін өсетінін айтқан болатын.

Төтенше жағдайлар министрі үш жыл бұрын өрт сөндірушілер айына 65 мың теңге жалақы алатынын еске салды. Дегенмен, қазір оның айтуынша, өрт сөндірушілердің айлық жалақысы кем дегенде 110 000 теңге.

"Жалақыны 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру қарастырылған. 70 пайыз - қатардағы және қызметке жаңадан кірісіп жатқандар үшін ең жоғары өсім. Ал 10 пайыз - басшылыққа, яғни өрт сөндіру қызметінің басшылары, төтенше жағдайлар қызметінің бастықтарының жалақысына қосылады", - деген болатын Ильин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997807-elde-ort-sondirusilerge-ekinsi-zumysqa-ornalasuga-ruqsat-etilmeidi/