Петропавлда бірнеше ай бұрын жоғалып кеткен шенеунік сайлау кезінде видеоға түсіп қалды
Жарияланған күні:
Петропавлда президент сайлауы кезінде жергілікті телеарна тергеу изоляторындағы сайлау учаскесінде сюжет түсірген. Көрермендер дауыс бергендердің бірін осыдан бірнеше ай бұрын жоғалып кеткен шенеунік Бақыт Ілиясовқа ұқсатқан. Жағдайға қатысты СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Petropavlovsk.news журналистері Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовқа ұқсайтын адамға назар аударды. Басылым биыл тамыз айынан бері одан еш хабар болмағанын атап өткен.
Басылым оның ұсталуына қатысты бірде-бір ведомство пікір білдірмегенін нақтылады. Ресми сайтта Бақыт Ілиясов әлі күнге дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы екені туралы мәлімет бар.
22 қараша күні осы жайтқа қатысты ақпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің сайтында пайда болды.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, "Коммунхоз" мемлекеттік кәсіпорнының және жол құрылыс компаниясы басшыларына қатысты жымқыру, пара беру және алу фактілері бойынша қылмыстық іс тергелуде.
"Олар Петропавл жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды, осы жұмыстарды орындауға байланысты пара берді және алды деген күдікке ілінді", – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Олар соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынғанын қосты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998397-petropavlda-birnese-ai-buryn-zogalyp-ketken-seneunik-sailau-kezinde-tergeu-izolyatorynda-videoga-tusip-qalgan/