Елордада жалған анықтама сатқан медициналық орталық басшылары ұсталды
Жарияланған күні:
Елордада алдын ала сөз байласу бойынша жалған медициналық анықтамаларды өткізу арнасын ұйымдастырған ЖШС-ның екі басшысы ұсталды, деп хабарлайды ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиапорталы.
Ведомствоның хабарлауынша, ақшалай қаражатқа олардың медициналық ұйымға іс жүзінде бармай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын, денсаулық паспорттарын, санитарлық кітапшаларды, №086, 075 нысанындағы анықтамаларды және өзге де медициналық құжаттарды дайындағаны анықталған.
Тергеу-жедел іс-шаралар кешенін өткізу кезінде Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойындағы медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын ұстады.
"Тінту барысында қолма-қол ақша, елтаңбалық мөрлер, медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың үзбелі түбіртек байламдары, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және мөр қойылған еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді", – деп хабарлайды полиция өкілдері.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Әуезов көшесінде орналасқан медициналық орталықтың тағы бір 33 жастағы басшысын ұстаған.
"Тінту барысында медициналық кітапшалар, еңбекке жарамсыздық парақтары, мөрлер тәркіленді. Клиенттердің жұмысқа орналасу, көлік құралдарын басқару үшін жүргізуші куәлігін алу және тағы басқа қажетті медициналық анықтамаларға тапсырыс бергені анықталды", – дейді ресми хабарламада.
Аталған фактілер бойынша жалған құжаттарды дайындағаны және өткізгені үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999252-elordada-zalgan-anyqtamalar-satqan-medicinalyq-ortalyq-bassylary-ustaldy/