"Құрылыс 2024-2025 жылдары жүргізіледі": Алматыда тағы бір көше ұзартылады
Жарияланған күні:
Алматыдағы Б. Хмельницкий көшесін Талғар тас жолына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Б. Хмельницкий көшесін Талғар тас жолына дейін ұзарту үшін 2023 жылдың соңына дейін ЖСҚ әзірленеді. Құрылыс 2024-2025 жылдары жүргізіледі", - дейді Ерболат Досаев.
Оның сөзінше, бүгінде Түрксіб ауданында ұзындығы 9 шақырымдық 17 көше жөнделіп, 89 көше жөндеуден өткен. Сондай-ақ ұзындығы 9 шақырым болатын 11 көшеге тротуарлар салынып, жөнделген.
Қайрат ықшам ауданы тұрғындарының өтініші бойынша Сұлушаш, Көрімдік, Сыбызғы көшелеріндегі жолдар жөнделген. 2,5 шақырым жолға асфальт төселген.
Б.Хмельницкий, Е. Бекмаханов, Сүйінбай және Лавренев көшелерінде 11 реттелетін бағдаршам және Сейфуллин даңғылында, Шемякин, Папанин және Жұмабаев көшелерінде 5 бағдаршам іске қосылған.
Әлмерек, Нұршашқан шағын ауданында оның ішінде 23 көшеге 27 жаңа аялдама қойылған.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін №215 маршрут Жас Қанаттан Шуақты шағын ауданына дейін ұзартылған. Автобустардың рейске шығу саны 5-тен 7-ге дейін көбейтілген. Бұған қоса, №8, 36, 69, 138 сынды 4 бағыттың 39 автобусы жаңартылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999548-qurylys-2024-2025-zyldary-zurgiziledi-almatyda-tagy-bir-kose-uzartylady/