Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстанға дарынды адамдарды тарту керек": Назарбаев Университетінің президенті Астанада баспасөз конференциясын өткізді

Жарияланған күні:

Кездесу
Фото: Назарбаев Университеті

3 желтоқсанда Назарбаев Университетінде БАҚ-қа арналған баспасөз конференциясы өтті - Nazarbayev University басшылығы оқу орнына түсудің қаншалықты қиын екенін, еліміздің басқа қалаларында білім ордасының филиалдары ашыла ма, қазақстандықтардан бөлек NU-де шетелдік студенттерді не себептен шақырады және оқу орнын қаржыландыруға қанша қаражат кететіні туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

NU президенті Шигео Катсу бұдан 12 жыл бұрын университет дарынды студенттерді тарта отырып, олардан көшбасшылар буынын тәрбиелеп шығатын білім ордасы ретінде құрылғанын тілге тиек етті. Ал оқу ордасының 2018-2030 жылдарға арналған жоспарында халықаралық деңгейде мойындалған зерттеу университетіне айналу мақсаты алға қойылған.

«Біз әлемдік рейтингтерден көрінетінімізге сенімдімін. Біздің мақсат – әлемнің 20 үздік зерттеу университетінің қатарына ену. 2018 жылы осы мақсатты алға қойған кезде рейтингке 1100 университет енген, қазір, яғни 4 жыл өткеннен кейін олардың саны 1800-ге жетіп отыр. 2030 жылы 2500-3000 зерттеу институтымен бәсекеге түсетін шығармыз. Бұл дегеніңіз, мемлекеттер зерттеуге салынған инвестиция қажет екенін түсініп отырғанын білдіреді. Осы инвестициялар арқылы олар дамуды ғана емес, елге дарынды жастарды тартуды да көздеп отыр. Ешбір ел жалғыз өзі жетістікке жете алмайды. Сол себепті ашық болып қалудың маңызы зор. Қазақстан да елге дарынды әрі зияткер жандарды тартуы керек», - деп мәлімдеді Шигео Катсу.

Университетті қаржыландыру және ақылы оқу мүмкіндігі

Университет өкілдері мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды 25%-ға қысқартуды көздеп отырғанын жеткізді.

Шигео Катсудің айтуынша, NU – бұл коммерциялық емес ұйым. Мұндағы студенттердің 90%-нан астамы мемлекеттік грантта білім алуда, алайда «7 мың студент пен 600 профессоры бар ұжым біліммен ғана емес, зерттеулермен де айналысса, бұның құны да қымбатқа түспек».

Университет ақылы орындар санын ұлғайту, оның ішінде кірістерді әртараптандыруды жоспарлап отыр.

Кездесу
Фото: Назарбаев Университеті

Ең танымал мамандықтар мен оқуға түсудегі қиындық

Бүгінгі күні Назарбаев Университетіндегі ең кең танымал мамандықтар қатарында компьютерлік ғылымдар мен бағдарламалау, экономика, биология мен химия, сонымен бірге инженерия бар.

«Оқуға түсер кезде бір орынға 8-9 адам таласады. Бұл бакалавриатқа ғана емес, сонымен бірге университетке дейінгі даярлық бағдарламасында да сондай. Себебі NU-не түсу үшін 12 сыныпты бітіру қажет. Жыл сайын бізге қарапайым мектептерден келетін оқушылар саны артуда. Бүгінгі таңда оқуға түсушілердің 60%-ы солар, яғни көпшілік ойлайтындай, бізге тек НЗМ оқушылары ғана келмейді. Сонымен бірге бізде әлеуметтік осал топтарға жататын студенттер үлесі 20%», - деп мәлім етті студенттік және халықаралық ынтымақтастық істері жөніндегі вице-президент Кадиша Даирова.

Шетелдік студенттердің саны артуда

NU өкілдері шетелдік ұстаздарсыз және студенттерсіз оқу орнында ағылшынтілді ортаны қалыптастыру мүмкін болмайтынын айтады. Алайда мұнда қазіргі күні тек 170 шетел студенті білім алуда.

«ЖОО халықаралық хабқа айналып келеді. Біз шетелдік студенттер мен оқытушыларды шақырамыз, себебі онсыз тәулігіне 24 сағат бойы ағылшынтілді ортаны қалыптастыру мүмкін емес. Біз оқшауланып өмір сүре алмаймыз. Бүгінде қазақстандық ЖОО-да шамамен 30 мыңға жуық шетел студенттері білім алуда, олардың санын 50 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір бізде 170 шетелдік студент бар. Бұл балалар ғылымға, экономикаға және өзге де салаларға жаңа стандартттар әкелуде. Бәсеке керек. Бұл ретте Қазақстанға дос керек – жоғарғы білімді интернационалдандыру осыған бағыт алып отыр. Болашақта қазақстандықтарға өзге ел өкілдерімен келіссөздер жүргізу жеңілдей түседі», - дейді Кадиша Даирова.

Қазақстанның басқа қалаларында филиалдар ашу

NU президенті елдің басқа қалаларынан филиалдарды ашу туралы айта келе, қазіргі таңда Алматыға басымдық беру қажет екеніне тоқталды.

«Біз ақырындап Қазақстанның басқа қалаларына да шығу керек екенімізді байқап отырмыз, бұл тұста Алматыға басымдық берілмек. Сонымен бірге біз жұмыс істеп жүрген тұрғындарға да білім алу мүмкіндігін ұсыну, осылайша цифрландыру, деректер сараптамасы саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру қажет екенін түсінеміз. Алматыда мұндай мамандар өте көп, сол себепті біз әзірге осы қалаға басымдық беріп отырмыз», - деп мәлімдеді Шигео Катсу.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000140-qazaqstanga-daryndy-adamdardy-tartu-kerek-nazarbaev-universitetinin-prezidenti-astanada-baspasoz-konferenciyasyn-otkizdi/