Алты баласы бар 30 жастағы шетелдік әйел Қазақстаннан шығарылды
Жарияланған күні:
Алты баласы бар шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылды, әйелдің қолында құжаттары болмаған, деп хабарлайды Атырау облысының Полиция департаменті Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
Облыстың Полиция департаментінде Атырауда есірткілік мас күйде көлік басқарып, психотропты дәрі сақтаған Өзбекстан азаматшасы ел аумағынан шығарылғаны хабарланды.
"Есірткілік мас күйде көлік басқарып, қол сөмкесінде әр түрлі 34 дана психотроптық дәрі-дәрмектер сақтаған 1992 ж.т, Өзбекстан азаматшасына қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданған болатын. Тексеріс барысында тәртіп сақшылары 30 жастағы шетелдік азаматша мен оның 6 баласының құжатсыз жүргенін анықтады", – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары жоғарыда аталған әйел мен оның алты баласы ел аумағында құжатсыз жүргенін анықтады.
"30 жастағы келіншек Атырау қаласына 2013 жылы келіп, жеке басын анықтайтын құжаттарын жоғалтып алған. Сонымен қатар, 2015 ж.т, 2017 ж.т, 2019 ж.т, 2020 ж.т, 2021 ж.т, 2022 ж.т. балаларының да құжаты болмаған", – дейді полиция өкілдері.
Атырау қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері көпбалалы әйелге құжат мәселесін шешіп беруге көмектескен. Яғни Атырау қалалық перзентханасынан кәмелетке толмаған алты балаға туу туралы анықтама алады. Өзбекстан Республикасының Елшілігіне аталған азаматшаны еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсеткен.
"Атырау қаласы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен 30 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасы алты баласымен Қазақстан аумағынан тысқары шығарылды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің мамандары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001256-alty-balasy-bar-30-zastagy-seteldik-aiel-qazaqstannan-sygaryldy/