Бас прокуратура: Қасіретті қаңтарда ең белсенді әрекет еткен "Қазақстандықтар", "Айшуақ-Жантүгел" және "Дикий Арман" топтары
Жарияланған күні:
Қаңтар оқиғасы бойынша мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов арнайы бейнероликті назарға ұсынды. Қасіретті қаңтардың хронологиясы көрсетілген бейнероликтегі мәліметтерге сенсек, қаңтар оқиғасы кезінде ең белсенді әрекет еткен қылмыстық топтар - "Қазақстандықтар", "Айшуақ-Жантүгел" және "Дикий Арман" топтары, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қаңтар оқиғасы бойынша мәжілістің жалпы отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. 90 депутат түгелдей күн тәртібіндегі мәслелерді жақтап дауыс берді. Қасіретті қаңтар оқиғасына 1 жыл болғанын еске салған депутат Еділ Жаңбыршин Бас прокурор Берік Асыловтан халықтың көкейінде тұрған қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға толық жауап беруді сұрады.
"Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды... Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар... Қару-жарақты іздеу жалғасуда, қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз", - деген бас прокурор қаңтар оқиғасына қатысты бейнероликті назарға ұсынды.
Бейнероликте қаңтар оқиғасының хронологиясы көрсетілді. Бас прокурор ұсынған роликтегі мәліметтеріне сенсек, бүліктегі әрбір іс-қимыл қылмыстық топтардың алдын ала ойластырылған жоспарымен жүзеге асырылған.
"Бүлікті ұйымдастырушылар нақты жоспармен әрекет етіп, жиналатын екі орынды белгілейді: "Халық арена" мен "Алматы арена". Екі жерде де жиналатын уақыт бірдей: кешікі алты мен сегіз аралығы. Екі топ та бір бір мезетте бір бағытқа қалалық әкімдікке қарай қозғала бастайды. Абай, Төле би сияқты үлкен көшелермен жүріп, жол жөнекей жолыққандарды қатарға қосып отырады. Республика алаңына жеткенше адам саны 10000-ға жуықтайды...
Қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 400-ден аса көлік бүлініп-жойылды, оның ішінде 346-сы ішкі істер органдарына тиесілі.
Қасіретті қаңтарда 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткені белгілі болды. Олардың ішіндегі ең белсенділері - "Қазақстандықтар", "Айшуақ-Жантүгел" және "Дикий Арман" топтары. Соңғысы қаланың әр жерінен 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып, "Қазақстан", "Ритц Карлтон" қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған", - делінген бейнероликте.
"Өте қатты азғындықпен бәрімізді ұстап сол жерлерде ұрып-соғып, қан-жоса ғып, шамамен таңғы сағат 11-де бәрімізді мал құсатып жүк көлігіне тиеп, контейнерге апарды. Контейнерді ұрып-соғып бір тәулік ұстады", - дейді бейнероликте зардап шеккендердің бірі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004212-bas-prokuratura-qasiretti-qantarda-en-belsendi-areket-etken-qylmystyq-toptar-aisuaq-zantugel-zane-dikii-armannyn-toptary/