Шымкентте шенеуніктен 50 млн теңге бопсалады деген күдікпен кәсіпкер ұсталды
Жарияланған күні:
Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Түркістан облысының шенеунігінен қомақты ақша бопсалады деген күдікпен кәсіпкерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық меди порталдың жазуынша, Шымкент қаласының полиция департаментіне мемлекеттік мекемелердің бірінің басшысы жүгінген.
Ер адам арызында "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратамын деп" жеке кәсіпкер өзінен 50 миллион теңге бопсалап отырғанын айтқан.
Бұл жайтты жедел уәкілдер Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша тіркеп, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталған.
"Ол бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысқан мегаполис тұрғыны болып шықты. Алайда ол конкурстан жеңіліп, жәбірленушіні кінәлаған. Оны полицейлер 45 миллион теңгені қолма-қол алу кезінде ұстады. Оның 40 млн теңгесі жалған ақша болды", – деп жазады polisia.kz.
Басылым қазір күдікті қамауға алынғанын, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын, сондай-ақ ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004583-turkistan-oblysynda-kasipker-seneunikten-50-mln-tenge-bopsalady-degen-kudikpen-ustaldy/