Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алаңдауға негіз жоқ": Ақтөбенің жаңа әкімі қала тұрғындарына үндеу жасады

Жарияланған күні:

Мұрат Жүребеков
Мұрат Жүребеков. Фото: gov.kz

Таяуда Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалған Мұрат Жүребеков қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ шаһар әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Мұрат Жүребеков үндеуінде синоптиктердің болжамына сүйене отырып алдағы күндері қалада қатты аяз күтілетінін хабарлады. Яғни сынап бағаны күндіз - 25 градусқа, ал түнде - 38 градусқа дейін төмендемек.

Осыған байланысты ол өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес, қала бойынша жылу беру жүйесінің жұмысына жауапты барлық коммуналдық ұйым күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін, сондай-ақ тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылғанын атап өтті.

"Дегенмен, өздеріңнің қолдауларыңыз қажет. Үйлеріңіздің жылу желісін үйді басқарушы компаниямен (КСК, ОСИ, кондоминиум) бірге қадағалап, тексеріп отырғандарыңыз абзал.

Сонымен қатар аязды күндері аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауды, алысқа жолға шықпауды сұраймын. Сондай-ақ автотұрақтар мен аялдама аумақтарынан қар шығару кезінде кедергі болмас үшін жол жиегінде көлік құралдарыңызды қалдырмауларыңызды сұраймын", – дейді Мұрат Жүребеков.

Шенеунік қазір қалада соңғы екі күн бойы толассыз жауған қалың қарды тазалау жұмыстары күні-түні жүріп жатқанын атап өтті. Яғни алдымен көлік көп жүретін, автобус бағыттары бар көшелер, көпірлер тазартылған.

Сонымен қатар Мұрат Жүребеков қала ішіндегі ғана емес, қала аумағына қарасты 54 тұрғын алаптың да жолдары қардан тазартылып жатқанын жеткізді.

"Жаяу адамдар жүретін жол бөліктері де назардан тыс қалмайды. Бұдан бөлек, барлық бизнес нысаны, мекеме ғимараттары және көп қабатты тұрғын үйдің басқарушы компаниялары өздерінің іргелес аумағынан қар шығарып, мұз ойып, адамдардың өміріне қауіп төндірмеу жағын қолға алулары керектігін ескертемін.

Жалпы алғанда қазір қаланы жылумен, электр қуатымен, сумен және газбен жабдықтау желілері толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алаңдауға негіз жоқ. Мұны өзім жеке бақылауымда ұстап отырмын", – дейді Ақтөбе қаласының әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004606-alandauga-negiz-zoq-aqtobenin-zana-akimi-qala-turgyndaryna-undeu-zasady/