Бас мүфти ел тұрғындарына қажылыққа бару бағасын төмендетуді сұрады
Жарияланған күні:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Джиддада Сауд Арабиясының қажылық және ұмра министрімен кездесті. Ол қазақстандықтарға қажылыққа бару үшін барынша қолайлы жағдай жасауды сұрады, деп хабарлайды ҚМДБ ресми сайты.
Белгілі болғандай, кездесуде осы жылғы үлкен қажылық сапарын сапалы ұйымдастыру мәселелері сөз болған. Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге өз ұсынысын жеткізген.
Атап айтқанда, Бас мүфти Қазақстан қажыларын жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақүй бағасына барынша жеңілдік жасау, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру және т.б. мәселелерге баса назар аударған.
"Аллаға шүкір, біздің елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат – қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Сіздер тараптан қызмет көрсету бағасына жеңілдіктер жасалса деген тілегіміз бар. Бұл қадам біздің қажыларға үлкен қолдау болар еді", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде Сауд Арабияның қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004695-bas-mufti-el-turgyndaryna-qazylyqqa-baru-bagasyn-tomendetudi-surady/