Қазақстанда жұмыссыз әйелдер саны артқан
Жарияланған күні:
2022 жылы Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың жалпы саны қысқарды. Дегенмен, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі күрт өскен. Бұған EnergyProm мониторинг агенттігінің сарапшылары назар аударған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 9,3 миллионға жуық адамды құраған. Алайда олардың барлығы бірдей жұмыспен қамтылмаған.
Осы кезеңде елімізде 450,3 мыңға жуық жұмыссыз азамат болған. Сарапшылардың пікірінше, олардың саны екінші жыл қатарынан азайып келеді (2022 жылы – 0,1 пайызға), дегенмен 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш әлі де 1,9 пайызға жоғары.
2021 жылмен салыстырғанда елдегі жұмыссыздық деңгейі өзгерген жоқ және әлі де бұрынғыдай 4,9 пайызды құрайды, бірақ келесі аймақтарда бұл көрсеткіш жоғары:
- Түркістан облысы – 5,3 пайыз (43,4 мың адам);
- Маңғыстау облысы – 5,3 пайыз (18,7 мың адам);
- Қызылорда облысы – 5 пайыз (17,5 мың адам);
- Батыс Қазақстан облысы – 5 пайыз (16,8 мың адам);
- Шымкент – 5 пайыз (22 мың адам);
- Алматы – 5 пайыз (53 мың адам).
Айта кету керек, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі қалаға қарағанда төмен. 2022 жылдың үшінші тоқсанында ауылдардағы жұмыссыздардың үлесі 4,8 пайыз болса, қалаларда – 4,9 пайызды құраған.
Сонымен қатар гендерлік тұрғыдан алғанда айтарлықтай айырмашылық байқалады. Елдегі әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ерлердікінен айтарлықтай жоғары, яғни ерлер арасында жұмыссыздар 4,1 пайыз болса әйелдер арасында 5,7 пайыз.
Сарапшылардың атап өтуінше, бұл 2012 жылдан бергі ең үлкен айырмашылық. Ол кезде жұмыссыз әйелдердің үлесі 6,1 пайызды құраса, ерлер арасында 4,1 пайызды құраған.
Жалпы алғанда елдегі жұмыссыз әйелдердің саны бір жылда 4,3 пайызға өсіп, 2022 жылдың үшінші тоқсанында 257,4 мың адамды құраса, жұмыссыз ерлер саны 5,5 пайызға азайып, 192,9 мың адамды құрап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004787-qazaqstanda-zumyssyz-aielder-sany-artuda/