Алматы облысында кәсіпкерді бопсалады деген күдікпен бес адам ұсталды
Жарияланған күні:
Алматы облысының полицейлері Талғар қаласының кәсіпкерін бопсалады деген күдікпен бес адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық меди порталдың жазуынша, Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ-ға белгісіз тұлғаларға қатысты жедел ақпарат келіп түскен.
Хабарламадан белгісіз тұлғалардың зорлық-зомбылық көрсету арқылы Талғар қаласының кәсіпкерінен ақша мен қымбат көлік талап еткені белгілі болған.
Қылмыстық істі кәсіпкердің арызы негізінде Талғар ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы ("Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған бопсалау") бойынша тіркеген.
Бұдан кейін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілген. Оның нәтижесінде арнайы бөлімшенің жауынгерлерінің қатысуымен Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері ақшалай қаражат алу кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысының 20-23 жас аралығындағы бес тұрғынын ұстаған.
Полиция қазіргі кезде күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын, қылмыстық іс бойынша тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005875-almaty-oblysynda-kasipkerdi-bopsalady-degen-kudikpen-bes-adam-ustaldy/