Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шетелде жүріп тұтқынға түскен қазақстандық азаматтар елге қалай оралды

Жарияланған күні:

Исламбек Қазбеков пен Жарас Сейіткәрім
Исламбек Қазбеков пен Жарас Сейіткәрім. Видеодан кадр: Instagram/Руслан Өтепбай

Дубайға жұмыс істеуге кетіп, жұмбақ жағдайда жоғалған екі қазақстандық азамат елге оралды. Бұл жағымды жаңалықты журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында хабарлады. Тұтқында болған екі қазақстандықты елге қайтару ісі қалай жүргізілгені туралы Еуразия арнасындағы "Көреміз" ток-шоуында толығырақ айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Телеарнаның хабарлауынша, Исламбек Қазбеков пен Жарас Сейіткәрім соңғы рет Таиланд пен Мьянма шекарасында орналасқан аймақтан байланысқа шыққан. Бағдарламаға қатысқан Жарастың әкесі Талғатбек Шариповтың сөзінше, Исламбек пен Жарас Instagram желісіндегі direct арқылы екеуі бір жерде екенін және оларды бір бөлмеде қамап ұстап отырғанын айтқан.

"Кетеміз дегенде бізді түрмеге қамап қойды, кампустың ішіндегі. Сол жерде отырмыз. Телефонды алып қойған. Байланысқа шыға алмай жүрміз. Мына жақтағы күзетшіден алып (телефонын - ред.), байланысқа шығып жатырмыз. Бізді басқа компанияға сатпақшы. Біз келіспей отырмыз. Жергілікті тұрғын - күзетшімен сөйлессем, "шетелдіктерге тиісуге болмайды" деген заң бар екен. "Сендерді ұзақ ұстай алмайды", деп айтты. Бізді қайтаруы мүмкін, күтіп жатырмыз", - дейді Исламбек Қазақстандағы досына жіберген аудиохабарламасында.

Бағдарламаға қатысқан заңгер Мейірман Шекеев екі қазақстандық азаматты елге қайтару бойынша істі өз жауапкершілігіне алған. Ол бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 128-бабымен (Адам саудасы) қылмыстық іс қозғалса, іс жеделдейтінін мәлім еткен.

"ПД-ға барып, істің мән-жайы бойынша қайтадан арыз түсірдік. Талғатбек (Жарастың әкесі-ред.) арызды ауызша бергендіктен, іс еш жерде тіркелмеген. Біз полицияға істің қаншалықты күрделі екенін түсіндірдік. Аллаға шүкір, балалар табылды. Олардың қолында ешқандай құжат жоқ екен, сондықтан біз балалардың суреттерін консулға жібердік", - дейді Мейірман Шекеев.

Осы ретте бағдарлама журналистері іске араласып, Пхукеттегі консулдық өкілі Сальяне Эмиль Алиевичпен тілдескен. Консулдық өкілінің сөзінше, Таиландқа жұмысқа шақыру үшін шетел азаматтары Facebook сынды әлеуметтік желілерде түрлі жалған хабарландыру таратады. Адамдар соған сеніп ұшып келеді. Тіпті кейбір компаниялар билет сатып алып беріп, жағдай жасайды екен.

"Таиландқа келген соң көлікпен күтіп алады. Осылайша Бирмаға апарады. Бірақ ол еш елге тиесілі емес жер де болуы мүмкін. Қайыққа отырғызып, түсініксіз жерлерге апарып орналастырады. Біз Таиландта жұмыс істейміз. Бирмада сұмдық. Ол жақтағы таныстарымызды іске қосып, өз азаматтарымызға көмектесуге тырысамыз. Әрине, кейде қолдан келмейтін жағдайлар да болады. Егер құлдыққа түскен адам мекенжайын жіберіп байланыстан ажырап кетсе бұл - қиынның қиыны, енді біз әскери тікұшақ жібере алмаймыз ғой. Тұтқынға түскендерді жәбірлейді ме, ол жағын білмеймін, бірақ оларды жұмысқа жегіп қояды. Егер олар істемейміз десе, 5000 доллар бер деп талап етеді. Біз бостандыққа шығарған адамдар осылай деді", - дейді Пхукеттегі консулдық өкілі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың Tengrinews.kz-ке берген мәліметінше, екі азамат тұтқыннан қашып шыққан.

"Осыдан бір-екі күн бұрын екеуі тұтқыннан қашып шықты деген жағымды жаңалықты естідік. Оларға сол жерден қашып шығуға жергілікті тұрғын көмектескен. Әрине, оған белгілі бір ақы төлеген. Осы жаңалықтан соң, біз оларға қауіпсіз орында жасырына тұруға кеңес бердік, сондай-ақ оларға халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерін жібердік. Ол екі азаматты қала сыртына алып шығып, қонақ үйге жасырды. Біздің Бангкоктағы консул түн ішінде автокөлікпен шығып, оларды Бангкокқа алып келді", - дейді СІМ ресми өкілі.

Одан соң ведомство өкілдері бір тәулік ішінде қазақстандықтардың құжаттарын реттеп, оларға әуе билеттерін алып берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006365-setelde-zurip-tutqynga-tusken-qazaqstandyq-azamattar-elge-qalai-oraldy/