Елімізде қанша азамат шетелдік көлігін заңдастырып үлгерді (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 23 қаңтарда Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны басталды. Алдын ала мәлімет бойынша 2 мыңнан астам өтінім мақұлданған деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер минитрлігінің хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша 2 мыңнан астам өтініш мақұлданып, оның ішінде 100 адам тиісті құжаттарын алған.
"Құжаттары толық азаматтар мемлекеттік нөмірлік белгілерін алып, өз көліктерін заңдастырып жатыр", - деді ведомстводан.
Сонымен бірге ведомство азаматтарға ХҚКО-ларда мамандар көмектесіп жатқанын атап өтті. Мұнда кеңес алып, базалар бойынша құжаттарды тексеруге мүмкіндік бар. Әрбір өтінім жеке қаралады. Қосымша сұрақтар туындаған автокөлік иелеріне қажетті ұсыныстар беріледі.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетейік, заңдастыруға өтінімді е-gov.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
"Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек, қылмыстық есепте болмауы тиіс, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі тиіс. Егер автокөлік заңдастыруға жататын болса, онда алғашқы тіркеу үшін мемлекеттік алымды, мемлекеттік нөмірге төлем мен техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ төлеу қажет", - делінген хабарламада.
Заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006460-elimizde-qansa-azamat-seteldik-koligin-zandastyryp-ulgerdi-video/