Алматыда баласын ҰБТ-ға дайындайтын орталыққа берген ата-аналар сан соғып қалды
Жарияланған күні:
Балаларын ҰБТ-ға дайындайтын орталыққа берген алматылық түлектердің ата-аналары алаяққа алданып қалған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, 22 жастағы Ж. есімді азамат алматылық ата-аналарға өзін жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталығының директоры етіп көрсеткен.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, ата-ана баласын ҰБТ-ға дайындағаны үшін "кәсіпкерге" 238 мың теңге төлеу керек болған. Полиция орталықта ол қаржыны бөліп төлеуге болатындай жағдай да жасалғанын хабарлады.
"Егер бала тестілеуден өтпей қалса, "кәсіпкер" тіпті ақшаны қайтаруға уәде берген. Бірақ іс жүзінде оқу орталығының негізін қалаушы жоқ болып кеткен. Балалар уәде етілген сабақтарды алмаған. Сонда ғана ата-аналары полицияға көмек сұрап жүгінді", – дейді полиция өкілдері.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
"Тергеудің қазіргі сатысында қылмыстық іс бойынша 76 жәбірленуші бар. Күдікті ұсталды және қамауда отыр", – дейді Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008604-balasyn-ubt-ga-daiyndaityn-ortalyqqa-bergen-ata-analar-san-sogyp-qaldy/