"Қауіп бар": Тәжірибелі маман еліміздегі тұрғын үйлердің жер сілкінісіне қаншалықты дайын екенін айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков Ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдараламасына сұхбат беріп, еліміздің қай аймақтарында жер сілкіну қаупі жоғары екенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстанда сейсмикалық аймақтар көп. Оның ішінде, ең қауіпті аймақтар - осы Алматының төңірегі. Оны бәріміз білеміз. Мен де отыз жылдай Алматыда тұрдым. Талай шағын жер сілкіністерін бастан өткіздік. Маман ретінде не айтамын? Мұнда қалыптасқан ережелер бар. Жобалау тәртіптері, құрылыс саласындағы әдістері. Ең үлкен мәселе - сапа. Кез-келген құрылыс алдымен жобадан басталады. Бір шалалық осы жобадан кетуі мүмкін. Екінші мәселе - құрылыста. Егер жобалаушы қате жібермей, құрылысшы сапалы етіп салса, қорықпауға болады", - деді Рүстембеков.
Сондай-ақ архитектор қазіргі үйлердің зілзалаға дайындығына тоқталды.
"Кеңес одағы кезінде салынған панель үйлер жер сілкінісінде өзін жақсы жағынан көрсетті.Ал қазіргі үйлерге толығымен кепілдік беру қиын. Қазір коммерциялық құрылыс жүріп жатыр. Ал коммерцияның негізгі мақсаты - табыс табу. Сондықтан құрылыс материалдарын, арматураны, бетон, цемент, кірпіш маркасын арзан алмау керек. Авторлық және техникалық бақылаушылар құрылыс барысын жіті қадағалауы қажет. Өкінішке қарай, қазір бақылаушылар лицензияны сатып ала салады. Бұл да бизнеске айналып кетті", - дейді олү
Маманның айтуынша, қазіргі үйлердің жер сілкінісіне шыдас беру-бермеуі екіталай.
"Шыны керек, қауіп бар. Қазіргі жағдай ойлантпай қоймайды. Еліміздегі тұрғын үйлердің 80-90 пайызы коммерциялық жолмен салынған. Ал коммерцияның мақсаты - пайда қуу. Осы жолда заңсыздықтар болуы мүмкін", - деді архитектор.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008796-qauip-bar-taziribeli-maman-elimizdegi-turgyn-uilerdin-zer-silkinisine-qansalyqty-daiyn-ekenin-aitty/