Петропавлда мектеп оқушыларына жасалған шабуылға қатысты жаңа деректер шықты
Жарияланған күні:
Петропавлдағы мектептердің бірінде балаларға жасалған шабуылға қатысты жаңа мәліметтер шықты, деп хабарлайды Петропавловск.news-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков 13 ақпанда Петропавлда 9-сынып оқушыларының бірі сабаққа балта мен пышақ әкелгенін растаған.
Оның сөзінше, сабақ басталар алдында 9-сынып оқушы үш баланы - екі ұл және бір қызды жарақаттаған.
Сондай-ақ білім басқармасының басшысы басылымға мектепке кірерде балалардың сөмкесі мен қалтасын ешкім тексермейтінін айтқан.
БАҚ мәліметінше, басы мен білегінен жарақат алған екі бала қазіргі уақытта ауруханада жатыр, ал үшінші балаға сол жерде медициналық көмек көрсетілген. Зардап шеккен - 10 және 9 сынып оқушылары.
Сондай-ақ басылым тілшісі оқиға орнында болып қайтқан. Мектептің екінші ауысымда оқитын оқушылары қашықтықтан оқуға көшірілген. Болған жайттан өзге оқушылар шошып қалған.
10-сынып оқушыларының бірі тілшіге оқиғаның қалай болғанын баяндап берген. Оның айтуынша, 9-сынып оқушысы бетіне маска киіп алып, дәлізге жүгіріп шығып, балтаны сермей бастаған.
"Жүрек тұсын балтамен ұрғысы келді, бала қолымен жауып қалды. Қолынан жарақат алды. 9-сыныпта оқитын қыз да жарақат алды. Ол көп қан жоғалтты", - дейді көз жасын тыя алмаған оқушы қыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Петропавлдағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы үш баланы жарақаттағанын хабарлаған еді. Зардап шеккен оқушылар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген, олар есін біледі.
Күдікті ұсталып, қазіргі таңда аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы, 14-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
СҚО прокуратурасы кәмелетке толмаған күдікті психиатриялық есепте тұрғанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009165-petropavlda-mektep-oqusylaryna-zasalgan-sabuylga-qatysty-zana-malimetter-syqty/