Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ІІМ: Петропавлдағы мектепте шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған

Жарияланған күні:

Мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: pexels.com

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев үкімет отырысында дүйсенбі, 13 ақпанда Петропавлда мектеп оқушыларына жасалған шабуылдың жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Марат Қожаевтың сөзінше, 9-сынып оқушысының рюкзагында асханалық балта, қолдан жасалған маска мен пышақ болған.

"Ол сағат 07:50-де екінші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, бірінші 10-сынып оқушысының басынан екі рет, одан кейін 10-сыныпта оқитын қыздың иығынан бір рет және басынан екі рет ұрған. Содан кейін 9-сынып оқушысының басынан бір рет ұрған.

Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған. Қазіргі күні екі жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр. Жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылған. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Марат Қожаев.

Ішкі істер вице-министрі жалпы, бұл мектепте 984 оқушы білім алып жатқанын, 70 мұғалім жұмыс істейтінін оның бірі - психолог екенін атап өтті.

"Тергеу бақылауға алынды, оның қорытындысы бойынша қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайларды және анықталған басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс жасалады", - дейді Марат Қожаев.

Еске сала кетсек, дүйсенбі, 13 ақпанда таңертең Петропавлдағы мектептердің бірінде оқушы өзге балаларға балтамен шабуыл жасап, салдарынан үш бала жарақат алған еді.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының хабарлауынша, күдікті сол мектептің 9-сынып оқушысы. Ол ұсталып, қамауға алынған. Құзырлы орган кәмелетке толмаған баланың психиатриялық есепте тұрғанын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009284-iim-petropavldagy-mektepte-sabuyl-zasagan-oqusyny-zogary-synyp-oqusylary-men-mugalimder-ustagan/