Атырау облысында жоғалып кеткен 53 жастағы малшы табылды
Жарияланған күні:
Атырау облысында жоғалып кеткен малшы бір тәуліктен кейін аман-есен табылды. 53 жастағы малшыны іздеу жұмыстарына құтқарушылармен қатар ауыл тұрғындары мен туыстары атсалысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің мәліметінше, малшы кеше, 15 ақпанда өріске мал айдап кеткен. Ол таңертең Өрлік ауылынан отыз шақырым қашықтықтағы "Аманғали" қыстағынан түйемен шыққан. Содан кейін із-түзсіз жоғалып, хабарсыз кеткен.
"Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне ер адамның түйемен мал бағуға шығып, кері оралмағаны туралы хабар түсті. Із-түзсіз жоғалған 53 жастағы малшыны іздеуге төрт құтқарушы мен жол талғамайтын бір техникамен жедел аттанды. Іздестіру жұмысына Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, жоғалған адамның туыстары мен ауыл тұрғындары да шықты", -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Агенттіктің хабарлауынша, департамент құтқарушылары жоғалған малшыны Аманғали қыстағынан 5 шақырым қашықтықтан аман-есен тапты. Малшы денсаулығында кінәрат болмағандықтан медицина қызметіне жүгінбеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009738-atyrau-oblysynda-53-zastagy-malsy-tabyldy/