Алматыда жекеменшік мектептердің бірінде мұғалім оқушылармен бірге теңіз тышқанын өлтірген
Жарияланған күні:
Алматыда жекеменшік мектептердің бірінде оқушылар мұғаліммен бірге теңіз тышқанын сойған. Аталған оқиғаға қатысты қаланың білім басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сабақ үстінде болған жайтты "Приют для животных Белый Бим" Instagram-парақшасы жариялады. Онда тірі теңіз тышқанын алдымен басынан ұрып өлтіргенін, кейін скальпельмен ішін ашқанын көруге болады. Сонымен бірге бейнежазбадағы жағдай биология сабағында, сол пәннің мұғалімінің жетекшілігімен болғаны байқалады.
Алматы қаласының білім басқармасы оқиға жекеменшік мектептердің бірінде болғанын мәлім етті. Осылайша оның мән-жайын анықтау үшін білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі департамент қызметкерлері мектепке барғаны белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша 17 ақпан күні 10 сыныптың биология пәніне қосымша, тәжірибе сабағында болғаны анықталды.
"Мұғалімнің айтуынша ол "Анатомия және физиология" бөлімі бойынша білімді толықтыру мақсатында теңіз тышқанының ішкі мүшелерін көрсету үшін жануарды бауыздап, тәжірибелік сабақ өткізген. Мектеп ұстаздарына алдағы уақытта осыған ұқсас фактілерді болдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне мектепішкілік бақылауды және тәрбие жұмыстарын күшейту, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру және жануарларға деген қатыгездіктің алдын алу бойынша ұсыныстар айтылды", – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Білім басқармасы сонымен қатар биология пәні мұғалімі өз еркі бойынша жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Айта кетейік, Қазақстанда жануарларға қатысты қатыгездік әрекеттері үшін, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010222-almatyda-zekemensik-mektepterdin-birinde-oqusylar-mugalimmen-birge-teniz-tysqanyn-oltirgen/