ТЖ вице-министрі Алматы қаласындағы сейсмикалық тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз ауданды атады
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев ОКҚ-да өткен брифингте күшті жер сілкінісі кезінде Алматыда қанша пайыз ғимарат қирауы мүмкін екенін және шаһардағы сейсмикалық тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз ауданды атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Брифинг барысында журналистер мамандардың пікірінше, Алматыда күшті жер сілкінісі болған жағдайда ғимараттардың 60 пайызға дейін қирауы мүмкін екенін атап өтті.
БАҚ өкілдері Ибрагим Күлшімбаевтың осы ақпаратқа қатысты пікірін сұрады.
"Мен келісемін, Алматы республикамыздағы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі. Қала қауіпті 27 тектоникалық плита жарықтарының үстінде орналасқан. Бұл негізінен қаланың таулы аудандары", – дейді вице-министр.
Күлшімбаевтың айтуынша, өзгелеріне қарағанда сейсмикалық тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз аудан – Түріксіб.
"Қалған Медеу, Бостандық, басқа да аудандар тектоникалық жарықтардың үстінде орналасқан, сондықтан ол жерлерде қауіп айтарлықтай жоғары. Мен жер сілкінісі кезінде ғимараттардың 60-70 пайызы қирайды дегенмен келісе алмаймын. Бірақ болжам бойынша 9 балл және одан жоғары апатты жер сілкінісі болса, онда тұрғын ғимараттары 30 пайызға дейін қирауы мүмкін. Осыдан-ақ қандай шығын келетінін есептеуге болады", – дейді ТЖ вице-министрі.
Айта кетейік, бұған дейін ТЖМ жер сілкінісі бола қалса, тұрғындар не істеуі керек, қалай әрекет еткен дұрыс деген сауалдарға жауап берген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010563-tzm-vice-ministri-almaty-qalasyndagy-seismikalyq-zagynan-barynsa-qauipsiz-audandy-atady/