Алматыдағы университет жатақханасының жанында жаппай төбелес болды
Жарияланған күні:
Алматының Бостандық ауданында жастар арасында жаппай төбелес болды. Полиция оқиғаға қатысқан болуы мүмкін деген күдікпен 10-нан астам адамның ұсталғанын хабарлады.
"Megapolis KZ" Telegram-арнасында жастардың жаппай төбелесі болған видео жарияланды. Видеоның астындағы жазуда оқиғаның Satbayev University жатақханасының маңында болғаны жазылған.
Бұл оқиғаға университеттің өзі түсініктеме берді.
"2023 жылы 23 ақпанда сағат 22:45 шамасында Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ аумағына іргелес аумақтағы Ғабдуллин көшесінде көп адам жиналып, қатысушылар топтасып төбелескен.
Сәтбаев университетінің ЖҚО (жедел қызмет орталығы) оқиғаға дереу ден қойып, жанжалды шешу, университет студенттерін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Қақтығысты оқшаулау үшін жедел қызмет орталығының қызметкерлері "SOS" дабыл түймесін басу арқылы полицияның кезекші бөліміне бірінші болып телефон соқты.
Ары қарай жағдайды тексеру кезінде біздің университет студенттерінің бұл оқиғаға қатысы жоқ екені белгілі болды. Қазір қызметтік тергеу жүргізілуде", – делінген университет хабарламасында.
Бұл оқиғаға Ішкі істер министрлігі де Telegram-дағы арнасында түсініктеме берді.
"23 ақпан күні сағат 23:00 шамасында Алматы қаласы Бостандық ауданында жастар арасында төбелес орын алды. Дабылға бірден бірнеше патрульдік полиция экипажы ден қойып, нәтижесінде төбелеске қатысы бар болуы мүмкін деген 11 адам ұсталды", – дейді ІІМ хабарламасында.
Бұзақылық дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Қақтығыстың басқа да мән-жайлары анықталуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010774-almatydagy-universitet-zataqxanasynyn-zanynda-zappai-tobeles-boldy/