Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды (видео)
Жарияланған күні:
Қарағандылық полицейлер жолда толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте аман-есен босандырып алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабаралуынша, 23 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша Жаңа-Майқұдық аумағында қызметте болған.
Сағат түнгі 24:00 шамасында полиция қызметкерлеріне жедел басқару орталығынан сол аумақта орналасқан шағын аудандағы көп қабатты үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі.
Мекенжайға келген полиция қызметкерлерін әйел адам күтіп алады. Ол жолдасымен ұрысып қалғанын, кейін татуласып, бір-біріне ешқандай өкпе-назы жоқ екенін айтқан.
"Біз әріптесіміз екеуіміз сол мекенжайда тұрғанымызда бізге бір азамат келді. Ол әйелінің толғағы қысып жатқанын және оларды тез арада перзентханаға апаруын өтінді.
Азаматшаның толғақ алды су кетіп жатқанын, әне-міне босанатынын білдік. Жедел жәрдем шақырғанымызбен оның қай уақытта келетіні белгісіз болды.
Сондықтан біз азаматшаны қызметтік көліктің алдына, ал жолдасын артына отырғызып бірден перзентханаға бағыт алдық. Бірнеше жүз метр жүре бергенімізде азаматша көлікті тоқтатуын және толғақтың басталып кеткенін айтты, – дейді патрульдік полиция полкінің қызметкері Медет Төлегенов.
Полиция қызметкерлері бірден толғағы қысқан азаматшаға медициналық көмек көрсеткен. Арада бірнеше минут уақыт өткенде қызметтік көлікте дүниеге қыз бала келді. Полиция қызметкерлері анасы мен сәбиді перзентханаға апарып, дәрігерлердің қарауына тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010783-qaragandylyq-policeiler-tolgagy-qysqan-aieldi-qyzmettik-kolikte-bosandyryp-aldy-video/