Алматыда бірнеше сауда нүктесі мен жазғы дәмхана сүріледі
Жарияланған күні:
Алматыда сот шешімі бойынша Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан бірқатар сауда нүктесі мен жазғы дәмхана сүріледі, деп хабарлайды қалалық әкімдік Telegram-дағы ресми арнасында.
Алматы қаласы әкімдігінің баспсөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жерді кәсіпкер әкімдіктен жалға алған болатын.
"Жалдау мерзімі біткен соң кәсіпкер жерді мемлекетке қайтарудан бас тартты. Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы оны сотқа берді. 2021 жылдың қыркүйегінде ауданаралық экономикалық сот өз бетінше салынған ғимараттарды бұзып, жерді жалпы пайдалануға қайтару туралы шешім қабылдады", - дейді әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілдері.
Сондай-ақ әкімдіктің баспасөз қызметі Алматы қалалық соты меншік иесінің талап арызын қараусыз қалдырғанын, қазіргі таңда бірінші сатылы соттың шешімі заңды күшіне енгенін атап өтті.
Әкімдік өкілдері ғимараттарды бұзу мерзімін сот орындаушысы белгілейтінін айта кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011871-almatyda-birnese-sauda-nuktesi-men-zazgy-damxana-suriledi/