Қазақстанда саңырауқұлақтар мен жабайы жидектерді жинауға салық енгізіледі
Жарияланған күні:
Келер жылдан бастап Қазақстан тұрғындары саңырауқұлақ, жидектер мен дәрілік өсімдіктерді жинағаны үшін ақы төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты.
Ведомствоның хабарлауынша, Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап орман және өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы алынады.
Мәселен, егер қазіргі уақытта мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (оның ішінде дәрілік өсімдіктер, жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер) аумағындағы объектілерге ғана салық салынатын болса, келесі жылдан бастап салық салу объектілеріне осы аумақтан тыс жерде жиналатын өсімдіктердің жабайы түрлері де енгізілген.
Ведомство мемлекеттік орман қоры аумақтарынан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жиналатын фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық қажеттіліктер үшін өсімдіктердің жабайы түрлері бойынша төлемдер өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ретінде қаралатынын және өсімдіктердің жабайы түрлерін дайындау (жинау) кезінде де алынатынын хабарлаған.
"Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары өсімдіктердің түрлерін, өсімдіктердің жабайы түрлерін жинаудың бір килограмы үшін төлемақы мөлшерлемелерін белгілейді, сондай-ақ төлемақы сомасын есептейді", – делінген хабарламада.
Өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдалану құқығы жабайы өсімдіктерді дайындау (жинау) туралы төлемақы төленген және хабарлама жіберілген жағдайда берілетіні айтылған.
"Өсімдіктердің жабайы түрлерін дайындауды (жинауды) жүзеге асыратын тұлғалар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жылдық төлемақы сомасынан тең үлестермен өсімдіктерді дайындап, жинаған орны бойынша бюджетке төлемақы төлейді", – деп түсіндірді МКК.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017475-qazaqstanda-sanyrauqulaqtar-men-zabaiy-zidekterdi-zinauga-salyq-engiziledi/