Алматыда денесі саябақтан табылған әйелді өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды
Жарияланған күні:
Полиция Алматыдағы Шолохов көшесінің бойындағы саябақтан денесі табылған әйелді өлтірген болуы мүмкін деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" ресми арнасы.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Шолохов көшесіндегі саябақтан денесі табылған әйелдің өлімі бойынша күдікті ретінде 1962 жылы туған И. есімді азамат ұсталған.
"Күдіктінің жәбірленушімен бірнеше күннен бері таныс болғаны, қылмыстың жанжал кезінде жасалғаны белгілі болды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ құзырлы орган Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сараптамалар тағайындалғанын, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге де мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Сонымен қатар полиция Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетінін еске салды.
Еске салсақ, 12 сәуір күні Алматыдағы Шолохов көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттан басы кесілген әйелдің денесі табылған болатын.
Кейін марқұмның басы салынған пакет базар маңындағы дүкендердің бірінен табылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018030-almatyda-denesi-sayabaqta-tabylgan-aieldi-oltirui-mumkin-degen-kudikti-ustaldy/