Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үш жылдан кейін ашылған "Қорғастағы" жаңа ережелер кәсіпкерлердің наразылығын туғызуда

Жарияланған күні:

Қазақ-қытай шекарасы
Қазақ-қытай шекарасы. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

"Қорғас" халықаралық сауда орталығындағы жаңа ережелер жергілікті кәсіпкерлердің наразылығын туғызды. Саудагерлер қазақ-қытай шекарасындағы орталыққа кіріп-шығу бұрынғыдан да қымбат екеніне шағымданды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаың хабарлауынша, орталықтың басшылығы Қытаймен арада көпір болған экономикалық аймақта жаңа ережелер енгізіліп, туристердің емін-еркін кіріп-шығуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

Орталықтың ішіндегі терминалдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Екі ортада адамдарды таситын автобустар да жаңартылған. Туристердің жүгін шекараның келесі бетіне жеткізіп беретін арнайы пункттер ашылған. Тауардың әр келісіне 80 теңге алатын ақылы қызметке жүгіну міндеттелген. Модернизацияға 800 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

"Автобустарға бес келіден аспайтын қол жүгін алып кіруге болады, қалған 26 келі жүкті қабылдау пунктіне тапсыруға міндетті. Орталықтың концепциясы бойынша біз бұл аумақта ең басты бағытымыз туристік бағытты дамыту. Бұл жеке тұлғаларға жеке пайдалануына бір айда 31 келіден аспайтын, яғни мың еуродан аспайтын тауарларды Қазақстанға кіргізуге рұқсат етіледі. Егер айына алған заттың салмағы осы межеден асып кетсе тауардың әр келісіне 4 еуродан төлеу қажет", – дейді "Қорғас" ШЫХО" АЭА БК" АҚ департамент басшысы Әсет Байғараев.

"Қорғастағы" жаңа тәртіп саудамен нәпақасын тауып жүрген кәсіпкерлердің көңілінен шыққан жоқ. Қазір Қытайдан тауар алып-сату мүлдем тиімсіз. Себебі, орталыққа барып-қайтудың өзі қып-қызыл шығын дейді олар.

"Шығын өте көп. Кіргеннен бастап тұраққа 500 теңге деп жатыр. Ол үш сағатқа ғана. Үш сағаттан ары қарай тағы баға қосылады. Үш мың теңге билет. Ол билет құны біз 15 км кіріп қайтадан барғанға. Ал алған затымызды тасуға 80 теңгеден аламыз деп отыр. Одан да Алматыдағы барахолкадан алған пайдалы", – дейді кәсіпкер Кәмшат Жақыбаева.

Әр қазақстандық туристті қытайлық полиция арнайы рентген аппараты арқылы тексереді. Ең қызығы, көрші елдің азаматтары біздің аумаққа еш кедергісіз өтеді екен. Оған қоса, қытайлықтарға айына емес, күніне 500 мың теңгеден астам тауарды баж салығынсыз алуға болады.

"Қытай азаматтары күніне 8 мың юань тұратын тауар алуға мүмкіндігі бар. Ал бізге төлемсіз айына 31 келі алуға рұқсат. Әділетсіз ғой. Жалпы, "Қорғаста" тек қытайлықтар ғана ұтады. Өйткені, біз оларға инвестиция қалдырамыз. Ал біздің аумақта санаулы сауда үйінен басқа қытайлықтарды қызықтыратын ештеңе жоқ", – дейді кәсіпкер Ақмарал Иманжанова.

Ал халықаралық сауда орталығының басшылығы "Қорғастың" Қазақстан аумағында аяқсыз қалған құрылыс көп екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта бой көтеретін сауда үйлерінде тек отандық өнімдер сатылмақ. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018276-us-zyldan-keiin-asylgan-qorgastagy-zana-erezeler-kasipkerlerdin-narazylygyn-tugyzuda/