Елімізде жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарлануда
Жарияланған күні:
Үкімет кулуарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстанда автонесие берудің жаңа шарттары туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Марат Қарабаев ең алдымен, еліміздегі автонесие берудің ашықтығына тоқталды. Оның айтуынша, процесс толығымен автоматтандырылған және цифрландырылған.
Сондай-ақ Қарабаевтың сөзінше, бағдарламаны жүзеге асырудың кейбір шарттары қайта қаралған.
"Бағдарлама бойынша екі мәселе бар. Біріншіден, механизм ай сайын жұмыс істейтін болады. Қазір ай сайын шамамен бір миллиард теңгедей қайтарылып отыр. Бұл қаражат 100 көлікке жетеді.
Енді біз 500-ге жуық автокөлікке қаражат жеткілікті болғаннан кейін бағдарламаны іске қосатын механизмді қарастырамыз. Яғни, бұл бес миллиард теңге және одан жоғары.
Қазір револьверлік жүйе бойынша 4 миллиард теңгедей қайтарылды. Бір ай ішінде тағы бір миллиард теңге жинаймыз, содан кейін бағдарламаны тағы бір рет жариялаймыз, сонымен қатар онлайн түрде. Бұл – ең ашық механизм", - дейді министр.
Министрдің айтуынша, көлігі бар азаматтар бағдарламаға қатыса алмайды.
"Жоқ. Рұқсат етілмейді. Көлігі барларға (бағдарламаға қатысуға – ред.) рұқсат етілмейді", - дейді ол.
Бұдан бөлек, бағдарламаға мынадай өзгерістер енгізу жоспарланып отыр:
- бастапқы жарна. Бұл ретте автокөлік құнының 15 пайызын төлеу;
- автокөлікті алғандардың аты-жөні жариялау;
- бағдарламаға қатысуға рұқсат етілген автокөліктер бөлігіне де өзгерістер енгізу.
"Сондай-ақ жалақының ең жоғары шегін белгілеу мәселесі қарастырылуда, яғни жалақысы белгілі бір мөлшерден жоғары адамдар қатыса алмайды. Өйткені біз автонесие бағдарламасын аз жалақы алатындар үшін қолжетімді еткіміз келеді", - дейді Марат Қарабаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018978-elimizde-zenildetilgen-avtonesie-beru-bagdarlamasynyn-sarttary-qatandatyluy-mumkin/