Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мьянма әскері ұстап алды": Дубайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық бес жігіт хабар-ошарсыз кеткен

Жарияланған күні:

"Алтын үшбұрыш" аймағына тап болған азаматтар
"Алтын үшбұрыш" аймағына тап болған азаматтар. Видеодан кадр: Youtube/ Көреміз

Дубайға жұмысқа кетіп, одан әрі Филиппин асқан 21 жастағы қазақстандық Қыран Манап екі аптадан бері хабар-ошарсыз кеткен. Онымен бірге Қазақстанның тағы төрт азаматы болған. Жігіттермен байланыс 26 сәуірден бері үзілген, деп хабарлайды Көреміз ток-шоуына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдарлама көмегіне Қыранның ата-анасы жүгінген.

Қытай тілін жетік білетін Қыран бастапқыда Дубайдағы қытай компаниясына жұмысқа орналасқан.

"2021 жылы тамыз айында кеткен. Ол кезде Дубайда болатын, жағдайы жақсы еді. Сегіз ай істеп, бір ай үйде болып, қайта кеткен", - дейді әкесі Манап Халық.

Қыран шетелдегі жұмысынан ата-анасына ақша аударып тұрған. Осыдан бір ай бұрын Қыран еңбек етіп жатқан компания Филиппин еліне көшкен.

Филиппинге кеткен соң Қыранмен байланыс күн санап азая түскен.

"Хабар жоқ, тірі ме, өлі ме, білмейміз, баламды. Өзіміз де қорқып отырмыз", - дейді ата-анасы.

Қыран Дубайдағы қытай компаниясындағы жұмысты достары арқылы тапқан.

"Ақшаны компания берген, билетін алып беріпті. Ұлымнан қандай компания екенін сұрадым, нақты айтпады. Тек балалардың телефоннан ойнайтын ойынын сатады-ау деймін. Әлде аудармашы болды ма білмедім. Соңғы рет 25 сәуір күні түстен кейін анасымен хабарласты. Келесі күні осындағы бір дос қызына хабарлама жіберіпті. Онда: "Алла жолыңды берші, аман-есен шығып кетейік" деп жазылған", - дейді әкесі.

Қыранмен телефон арқылы хабарласып отырған Қазақстандағы құрбысының айтуынша, Қыран қасындағы төрт қазақстандық жігітпен Таиланд, Мьянма және Лаос шекарасындағы "алтын үшбұрыш" аймағына түсіп қалған.

"Бес Қазақстан азаматы Филиппиннен Таиландқа шыққан. Таиланд астанасы Бангкокқа барған. Ол жерде өзеннен қайықпен өткізіп алған өздері, визасыз, заңсыз. Бір қалашық сияқты жер екен. Сыртқа шығармайды. Сыртында әскер тұрады екен. Сол қоршаудың ішіне кіргеннен кейін шығу қиын", - дейді құрбысы.

Абырой болғанда Қыран өзінің тұрған жерінің координаттарын құрбысына жіберіп үлгерген. Тура сол жерде осыдан төрт ай бұрын тағы екі қазақстандық Исламбек пен Жарас та болған.

"Алтын үшбұрыш" аймағына түскен бес жігіт қашуды жоспарлаған, және жоспарын 25 сәуірде жүзеге асырмақ болған.

"Қыранмен бес бала болып, бәріміз бірге қаштық. Артымыздан Мьянма әскері келіп қалып, суға түсіп бізді қуды. Сосын Қыран судан өте салып, тоқтап қалды. Біз судан өткен соң артымыздан Мьянма әскерлері қуып жетті. Судан өткен жерде жол тік болды. Және қамыс көп, адам жүргісіз. Алдындағы екі бала секіріп, арттағы балаларға жол аштық. Содан бәріміз қашып бара жатқанда "Артқа қайттық" деп Қыран айғайлады. Мьянма әскері Қыранды ұстап алыпты. Әскер 15-ке жуық адам болды. Біз артымызға қарағанда әскер Қыранның қасында тұрды. Қолдарында әскери таяқтары бар, біздің қолымызда телефоннан басқа ештеңе болмады. Сосын қарсыласуға амал жоқ болды. Қалған төрт бала әрі қарай тоқтамай қаштық. Артымыздағы әскер біраз қуды да тоқтады. Біз қашып жолға шықтық та, жолдың ар жағындағы орманға тығылып, консулға хабарластық. Әскер жіберуін өтіндік. Біз әскермен бірге барып Қыранды құтқарамыз деп ойладық", - деп хабарлама жазған Таиландтағы қазақстандық жігіт.

Қашып шыққан төрт жігіт қазір Бангкоктың түрмесінде екені белгілі болды. Бағдарламада оларды елге қайтару жұмысы жүріп жатқаны хабарланды. Оған Сыртқы істер министрлігі, заңгерлер ат салысуда.

"Қыранға қатысты айтатын болсам, ол дін аман, уайымдамаңыздар. Біз оған да байланысқа шығуға әрекет жасап жатырмыз", - дейді заңгер Мейірман Шекеев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020279-myanma-askeri-ustap-aldy-dubaida-zumys-istep-zurgen-qazaqstandyq-bes-zigit-xabar-osarsyz-ketken/