Қазақстанның екі мегаполисінде найзағайға байланысты дауылдық ескерту жарияланды
Жарияланған күні:
Синоптиктер сейсенбі, 23 мамырда елімізде ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Қазгидромет" РМК ресми сайтына сілетеме жасап.
Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен бүгінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.
Яғни, кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ал Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында бұршақ жаууы ықтимал.
Сондай-ақ бүгін республика бойынша жел күшейіп, батыста және оңтүстікте шаңды дауыл тұрады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Павлодар облысының басым бөлігінде, Қарағанды облысының шығысында, Атырау облысының оңтүстігінде, Абай облысының Бесқарағай ауданында өрт қаупі сақталады.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін Алматы қаласында да күн күркіреп, найзағай ойнайды. Күндіз +21...+23 градус аралығында жылы болып, түнде ауа температурасы +8...+10 градусқа дейін төмендейді. Желдің жылдамдығы 8-10 м/с.
Сейсенбіде Астанада жаңбыр жауып, жел 7-12 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Термометр бағаны күндіз +23...+25 градусқа дейін көтерілсе, түнде +10...+12 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Синоптиктер 23 мамырда Шымкентте де күн күркіреп, найзағай ойнайтынын болжап отыр. Сондай-ақ мамандар үшінші мегаполис тұрғындарына бүгін желдің жылдамдығы 8-13 м/с-қа, ал екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейетінін ескертеді. Дегенмен күндіз +27...+29 градусқа дейін жылы болып, түнде ауа температурасы +13...+15 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгін найзағайға байланысты Алматы мен Шымкентте дауылдық ескерту жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021646-qazaqstannyn-eki-megapolisinde-naizagaiga-bailanysty-dauyldyq-eskertu-zariyalandy/